«Сіздің үмітіңізді ақтай алмадым»: Түркістан облысында емтиханнан кейін асылып өлген қыз жайлы жақындары мен мектеп директоры сөз қозғады

0 260

Түркістан облысында 15 жастағы оқушы қыз, мектептегі сынақтан соң өзіне қол салды. Қара жамылған отбасы бұған мектеп директорын кінәлайды. Марқұмның ата-анасы оның тиісті жазасын алғанын қалайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай Ордабасы ауданындағы Көкарал елді-мекенінде болған. Маусымның 2-сі күні орын алған сұмдық ананың әлі көз алдында. 9-сыныпты аяқтап, мемлекеттік емтихан тапсырып шыққан қызын өзіне қол салады деп әсті ойламапты. Сол күні таңертең сынаққа кірген. Одан көңілсіз шыққанын да біледі. Тек іште болған жағдайды кейін естіпті.

“Қыздар айтты: -Апай, Эльвираға қадалып қалды, парағын алып қойды. «Сен 3 ке оқитын оқушысың ғой, сенің баллыңды 10 баллға кемітем» деп айтты деді. Директор айтыпты. Жаздырмапты. Парағын алып қойған. Сөйтіп қызымның өжеттеу мінезі бар ғой, қырсығып қалған шығар, жазбаған шығар, сол бойы шығып кеткен болса керек”, – деді марқұмның анасы Айман Қанайқызы.

Айман Қанайқызы марқұм Эльвираның анасы ғана емес, сынып жетекшісі де болған. Ол қызына қысым жасалғаны айдан анық деп отыр. Әкесінің де пайымы осы. Қызының өмірді дәл осылай қиып кете салатын адам емес еді деп егіліп отыр.

“Мектеп басшысы, директорды ақ қарасын шешіп тиісті жазасын алуды сұранамын. Әділдікті қалаймыз. Осы директордың орнынан кетуін талап етеміз. Тиісті жазасын алып менің тілерім сол”, – деді әкесі Ақылбек Тәліпбаев.

Сол күні сынаққа бірге кірген сыныптастары да, алгебра пәнінен сынақ алған мұғалімі де қазір үндемей отыр. Тек мектеп психологы оқушысының не себепті мұндай қадамға барғанын түсіне алмай дал.

“Ол ондайға баратын қыз емес. Мінезі ашық. Оқушылармен сыныпта жалпы қарым қатынасы жақсы. Беделді. Емтиханнан кейін болып тұр ғой енді”, – дейді мектеп психологы Айсара Құлмағанбет.

Мектеп директоры болса, марқұм оқушысының үздік аттестатқа үміткер екенінен де бейхабар кейіп танытты. Тіпті жақын танымайтынын да жеткізді.

“Мен өзім төраға ретінде маған орын берді, мен сол орында отырдым. Ешқандай баланың төбесінде қарап, барып қасына ештеңе істеген жоқпын. Қысым жасаған жоқпын”, – дейді М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектептің директоры Айсара Стаева.

Қазір мектепте тергеушілерден бөлек арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мән-жайды солар анықтамақ.

“Шығарылған есептерінің бәрін біз қарап жатырмыз қазір. Зерделеу жүріп жатыр. Қортындысын, нәтижесін біткеннен кейін айтамыз әрине. Бізбен бірге қазір тергеу орындары да қазір жұмыс жүргізіп жатыр. Айта кетейік, болған жәйт бойынша полиция «Өзін –өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғады”, – деді Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармаының бөлім басшысы, комиссия өкілі Әлібек Кенжебаев.

Марқұмның анасы қызы телефонына хат жазып қалдырғанын айтты.

“Телефонында «Анашым! Кешіріңізші! Сіздің үмітіңізді ақтай алмадым. Сіздің атыңызға жақсы ат келтіре алмадым» деген хабарламасы тұр екен. Оны жібермеген”, – деді Айман Қанайқызы.

Қыршынынан қиылған Эльвира бұл отбасындағы төрт перзенттің екіншісі екен.

Бұған дейін марқұмның ағасы мектеп директорының қарындасын өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізгені туралы айтып, әділдік сұрады.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.