Шөп ору да жауапты науқан

0 230

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін атап көөрсетіп, аталған салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерге баса тоқталған еді.

Президент атап көрсеткен мәселелердің ішінде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақыл, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу ісіне қатысты ірі экожүйе қалыптастыру секілді шаруаларды жүзеге асыру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін мал азығын жеткілікті дайындау кезек күттірмейтін мәселе. Бүгінде өңірімізде Жолдау жүктеген міндеттерді орындаумен қатар, мал азығын, ет, сүт өнімдерін шығару секілді қайта өңдеу арқылы өнімді сапалы дайындауға ұмтылып жатқан агроқұрылымдар баршылық. Соның бірі – Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылдық округі Талапты ауылында орналасқан «Өркен-1» шаруа қожалығы. Төраға Қыдырбек Әбдіхановтың іскерлігінің арқасында қожалық заман талабына тез бейімделумен қатар, іргелі шаруашылықтың біріне айналып отыр. Жылда 30 гектардан мал азығын дайындап, 10 гектар шабындық пен 20 гектары жоңышқадан маяма шөп тұрғызатын шаруа қожалық 100 гектарға арпа, 100 гектарға күздік бидай, 150 гектарға мақсары егіп, түсімді шашпай-төкпей жинап алуда. Бұдан бөлек парға айдалатын алқап та баршылық.

– Жерді парға қалдыру –жерді тоздырмаудың, алқаптан мол өнім алудың тиімді тәсілі. Дәл қазір мал азығы үшін таңнан қара кешке дейін шөп ору ісімен айналысып жатырмыз. Түсім жаман емес. Мақсатымыз – жаздың ір күнін тиімді пайдаланып, қыстан аман-есен шығу.

Бір айта кетерлігі, бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісіне де бет бұрып отырмыз. Осыдан бірер жыл бұрын салалық министрліктің «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» жобасы үйлестіру орталығының арнайы грантын жеңіп алғанбыз. Осыдан бірнеше жылдан бері үш шаруашылық бірігіп, бірлесе қимылдаудамыз. Өйткені үлкен асуды бағындыру ұсақ шаруашылықтардың бірігіп, ірілендірілуі арқылы ғана қол жететін жетістік. Тапбысты болуымыздың сыры еткен еңбек пен салаға енгізген жаңашылдық және ізденістің арқасы – дейді Қ.Әбдіханов.

Мұндағы ауыл шаруашылығына қажетті техниканың барлығы да қожалықтың өз меншігі. «Т-150» маркалы екі бірдей трактор, екі жүк көлігі, шөп оратын, тайлайтын, дән себетін, жер айдайтын, жер қопсытатын тағы да басқа техникалар шаруашылықтың әр мезгілдегі науқандық жұмысын өтеп тұр. Алдағы уақытта озық үлгідегі комбайн сатып алу жоспарда бар екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.