Балық өсіруге де бап керек

0 218

Әулиеата өңірінде балық шаруашылығы кенжелеп қалғаны белгілі. өңірдегі өзен-көлдер мен тоғандарға, бөгеттерге иелік етіп отырған шаруалар айдын-көлдердің балығын сүзіп алып сатумен ғана шектеліп отырғанын жасырмауымыз керек. Қайта өңдеу саласына тән балықтан жасалатын килкии, шпрот тектес консервіленген өнімдер шығаруды айтпағанда, суға бағалы балықтардың шабағын жіберіп, балық басын көбейтудің өзі жолға қойылмай келеді. Бұл жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында елдегі балық шаруашылығына дамыту қажеттігін баса айтқан еді. Осыдан кейін Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту мәселесі Үкіметтік деңгейде сан мәрте қаралып, соның арқасында балық шаруашылығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасы қабылданды. Одан бөлек әр өңірдің табиғи ерекшелігіне қарай балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламалары әзірленген болатын.

Өз облысымызға қатысты өңірлік бағдарламада қолда бар әлеуетті ескере отырып, өсірілген балық көлемін осы жылы 106 тоннадан 2030 жылға қарай 8000 тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Балық өсіру көлемін ұлғайту үшін балық өсіруге жарайтын су айдындарын пайдалану, жаңа индустриялық балық өсіру жобаларын іске асыру және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жобалық қуатына жеткізу мақсат етілді. Сонымен қатар 2030 жылға дейін өңірде 175 жаңа балық өсіру шаруашылығын құру қарастырылған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 10 жыл ішінде 28 миллард теңге жеке инвестициялар тарту және мемлекеттік бюджеттен шамамен 13,5 миллиард теңге бөлу көзделген екен.

Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Болат Асамбеков жыл басында балықтардың азығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 9 миллион теңгеден астам қаражат қаралғанын айтады. Бұл қаражатқа Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында орналасқан «Ақнұр» шаруа қожалығы қол жеткізіпті. Аталған шаруа қожалық тұқы тұқымдас балықпен қоса «радужный фарель» балық түрін өсірге ниеттеніп отырса керек. бұдан бөлек, осы жылдың жарты жылдығына қосымша 43 миллион теңге балықтың азығына қаражат қарастырыыпты. Бұл қаражатқа «Ақнұр» шаруа қожалығы және облысымызда жаңадан құрылған Қордай ауданы, Сортөбе ауылында фарель балығын өсіріп отырған «KordaiFish» шаруашылығы мен Жамбыл ауданындағы тұқы тұқымдас балық өсіріп отырған «Алтын бұлақ» шаруашылығы ие болмақ.

– Жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтары есебінен биыл 232 тонна балық өсіру күтілуде. Жыл басынан бері 169 тонна тауарлы балық өсірілді. Балық шаруашылығын дамыту үшін балық шаруашылығы су айдындарын кәсіпшілік су айдындарынан тауарлық балық шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарына ауыстыру қағидалары бекітілді. Заңнамалық деңгейде пайдаланушының торда балық өсіру шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпшілік балық шаруашылығы учаскесін пайдалану құқығы көзделген. Балық шаруашылығын жүргізуге арналған үлгі шарт та бекітіліп және осы шартты жасасудың нақты мерзімі – 49 жыл болып белгіленді. Бұрын келісім-шарт жасасу мерзімі 5 жылдан 49 жылға дейін болатын. Сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту жоспарлары шеңберінде балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды. Балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулер жойылды. Балық өсіру тоғандары мен бассейндерін салу кезінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жөніндегі талаптар да енді жүзеге аспайды. Бизнес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босатылды. Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларымен қатар, мал азығы құнының 30 пайызын субсидиялау және балық өсіру шаруашылықтары үшін техника мен жабдықтар сатып алуға инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың 25 пайызын өтеу сияқты мемлекеттік қолдау қарастырылды.

Осы шараларға қоса қолға алынған іс құнының 50 пайызына дейін субсидиялаудың жаңа түрлері қосылды. Мәселен балық өсіру-биологиялық негіздемелерді әзірлеу, балық өсіру материалын сатып алу, дәрілік препараттар, бағалы балық түрлерінің жөндеу-аналық табындарын сатып алуға және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындардың жартсысы мемлекет тарапынан өтеледі, – дейді Б.Асамбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.