Сарысу ауданының тұрғыны бір күнде 4 мың кірпіш дайындайды

0 106

Қазір еңбек етемін деген адамға қалада да, далада да жұмыс көп. Тек істің көзін тапса болғаны. Әсіресе ауылдық жердегі тұрғындар үшін мал, егін шаруашылығымен айналысу, кәсіпкерлікке бетбұру немесе шаштараз, техника жөндеу орталығы секілді сервиздік қызмет көрсету саласында бағын сынау тиімді. Мәселен Сарысу ауданы тұрғындары еңбекқорлығымен атар, уақыт ағымынан қалмай, заман ағымына ілесе алатынын әлде қашан дәлелдеген. Облыс, аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекен тұрғындарының өзі жоқтан бар жасап, жан бағу, реті келсе мол табысқа кенелудің тәсілін мегеріп келеді. Ал тіршілік нышаны білінген кез келген елді мекенде құрылыс қарқынды жүретіні белгілі. Біреулер жаңадан баспана салса, тағы бірі кесектен мал қора немесе сарай салуды қажет етеді. Мұндай жағдайда нысан қабырғасына қажетті кірпіштің үлкен сұранысқа ие болатыны белгілі. Осыны жақсы түсінген Жайылма ауылының тұрғыны Бекмұрат Амангелдіұлы кірпіш өндіріп, оны сатумен айналысып отыр. оның ашқан шағын цехі арқылы күніне 4 мың кірпіш дайындалады. Маңайдағы тегін топырақты әжетке жаратып отырған Бекмұрат Амангелдіұлының еңбекқорлығына риза болмасқа амалың жоқ. Ол өз ойын іске асыру арқылы аталған елді мекеннің 4 азаматын жұмыспен қамтып отыр. Сапалы әрі тиімді бағада дайындалып жатқан кірпішке алдын ала тапсырыс беріп жатқандар да бар. Мәселен қазірдің өзінде маңайдағы тұрғындар тарапынан 25 мың кірпішке тапсырыс алып үлгерген.

– Өзімнің кезінде игерген мамандығым инженер-механик. Қалада біраз уақыт қызмет атқардым. Бұл цехты ашпас бұрын көп іздендім. Қазір ауылдың бос жігіттерін жұмысқа тартып, еңбекке баулып жатырмын. Шағын ауыл болса да мұнда біреу баспана салады, қора-қопсысы бар, құрылыс жұмыстары тоқтамайтыны анық. Қажетті заттар өзімізден шыққан соң бағасы да қымбат емес. Ойлаған ісім жүзеге асқалы үй ішінде береке орнады. Осы цех ашылғанына екі аптадай уақыт өтті. Күнделікті төрт мың кірпіш шығарып жатырмыз. Кірпіштің көлемі 25х12, ені 7. Дымқыл топырақ қатты қысымның әсерінен қалыпқа келіп, кесіледі. Тек содан соң кептіріледі.  Қарамағымда 4 адам жұмыс істеп жатыр, күнделікті табысы 5 мың теңге. Қазір осы ауылдың өзінен 25 мың кірпішке тапсырыс түсіп отыр. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан көмек көрсетілетін болса, сол мүмкіндікті пайдаланып қалғым келеді. Мемлекет тарапынан қандайда бір қаржылай қолдауға ие болсам пеш салып, қызыл кірпіш шығаруға да ниеттеніп отырмын, – деді ол.

Жайылма ауылында мұндай цех осыдан 50 жыл бұрын болған көрінеді.  Тек тоқырау жылдарында бұзылып, тұрғындар құрылысқа қажетті кірпіштерді басқа жақтан тасмалдаған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.