Рәміздеріміздің реңі қашпасын

0 197

Бүгінде қарапайым халық Гимн, Ту, Елтаңба іспетті мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды, оны қадір тұтуды жақсы біледі. Өйткені өз алдымызға ел болғанымызды, айбынды мемлекет екенімізді айқындайтын осы бір құндылықтарымыздың ауылдық округ әкімдігі немесе орта мектеп, денсаулық, білім, мәдениет саласындағы мекемелерде тозығы жетіп жалбырап тұруы немесе сөгіліп-жыртылуы секілді жайттарды көзіміз шалғанда қынжылмасқа амал жоқ. Туымыздың кейде бояуын күн жеп түсі өзгеруі немесе кірлеп кетуі де әрекідік болса да кездесіп тұратын жайт. Осындай мемлкеттік нысандарда кейбірінің атаулары жазылған маңдайшаларындағы мемлекеттік Елтаңбалардың түсі қарайып кетсе, енді біріндегі тұрақты тігілген мемлекеттік Туларға түнде жарық түспейтін кездерді де бұрын көзі қарақты жұрт талай мәселе етіп көтерген-ді. Жалпы, мемлекеттік Рәміздердің жыртылуы және кірленуі, түсі өзгеріп қараюы бойынша анықталған кемшіліктер қалпына келер, жауаптылар жазаланар. Ал мұның жылда қайталануына не себеп? Қайта олардың дұрыс насихатталуына мән береді деген мемлекеттік мекеме немесе атқарушы органдар осындай олқылыққа жол бере беретін болса, кемшілік ті жоюдан түбегейлі қашан құтыламыз? 2 маусымында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы нда осы мәселелер сөз болды.

Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек аталған жиынға төрағалық ете отырып, ҚР Мемлекеттік рәміздерінің пайдаланылуы және қолданылуына жүргізілген зерделеу жұмыстарының маңыздылығына мән берді. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Бейғұт Жамангөзовтің айтуынша, өңірде мемлекеттік рәміздерді күтіп-ұстауда бірқатар мекмелер айтарлықтай олқылыққа жол берген екен,

– Негізгі зерделеу жұмыстары Тараз қаласы мен аудандардағы жергілікті атқарушы органдар мен білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласына қарасты 178 мекемеге жүргізілді. Тексеру барысында аудан әкімдіктерінің ішкі саясат, білім бөлімдерінің және полиция басқармаларының қызметкерлерінен арнайы инспекциялық топ құрылып, бірқатар кемшілік анықталды. Анықталған кемшіліктерді түзеу жөнінде жұмыстар дер кезінде жүргізілді. Мәселен Тараз қаласы мен Сарысу ауданының Жаңатас қаласы және Жамбыл ауданы мемлекеттік туды теріс ілген деректер кезікті. Кемшілік орын алғанымен, олқылық бірден түзетіліп, жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылды, – деді Б.Жаманкөзов.

Комиссия отырысы барысында облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Т.Жамалов білім мекемелерінде Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану жұмыстары жайын айтып берсе, Тараз қаласы әкімінің орынбасары А.Садубаев және Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Н.Нұралиев аудандарда атқарылған жұмыстарды баяндады.

Жиын соңында комиссия төрағасы Д.Кәрібек мемлекеттік мекемелер және ұйымдардың басшыларына Мемлекеттік рәміздердің жай-күйін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін латын графикасындағы «QAZAQSTAN» сөзімен жазылған Мемлекеттік елтаңбаларды ауыстыру жұмыстары мөрлер мен ресми құжаттарда жүргізілетіндігін, бұл бағыттағы жұмыстарды уақытылы аяқтау қажет екендігі туралы жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.