Қызғалдақты жұлма!

0 309

Алты қызғалдақ жұлғаны үшін айыппұл арқалау туралы жаза алты алаш баласының үш ұйықтаса түсіне кірмеген шығар. Әрине, қалалық жерде оқыстан қоқыс тастап немесе жол ережесін бұзса, бейнебақылау камералары арқылы айыппұл төлеу таңсық дүние емес. Ал жапан далада жауқазын жұлып, жазаға тартылған жағдай осынау ұлан-ғайыр Ұлы далада бұрын-соңды болмаған шығар.

Гүлдің өміршеңдігі пиязшыққа қарап тұрған жоқ

Күні кеше ғана өңірімізбен іргелес жатқан Түркістан облысы тұрғынына 6 қызғалдақ жұлғаны үшін 9 миллион теңгеге жуық айыппұл салынатыны жөнінде хабарлама тарап, әлеужелідегі халық өре түрегеліп, мұндай шешімнің санаға сыймайтынын жарыса жазды. Оның алды жанайқайға ұласса, арты ащы сарказмге айналып кетті. Көпшілік ұрланған мүліктер мен жоғалған адамдарды табудың орнына ен даладағы гүлдерді қорып жүрген тәртіп сақшыларының жұмысын сын садағына ілді. Енді бірі гүл жұлғаны үшін салынған айыппұлдың көлемі басқа ауыр қылмыстардан да асып түскенін алға тартты. Белгілі болғандай, Түркістан облысының полиция департаменті қызметкерлері 1-30 сәуір аралығында «Қызғалдақ» рейдтік іс-шарасын ұйымдастырған көрінеді. Сол уақыт ішінде ауыл маңында көзге түскен азаматтың жұлған гүлдері сараптама нәтижесінде Қызыл кітапқа енгені расталып, басы бәлеге қалған.
Оқиғаның басты кейіпкері, қыр сұлуы, экологтардың айтуынша, жай гүл емес, гүл атаулының падишасы аталатын Грейг қызғалдағы Әулиеата өңірінде де көп өсетіні белгілі. Әсіресе Жуалы ауданындағы Берікқара шатқалында осы гүлдің негізгі ошағы орналасқан. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» демекші, біз осы ретте өңіріміздегі жағдайды барлап, аталмыш аумақтағы гүлдердің һәм гүлдің ғана емес, аң мен құстың жағдайын жетік білетін мамандардың пікірін білдік.
– Өз басым осы салада қырық жыл бойы еңбек етіп келе жатқан маман ретінде гүл жұлғаны үшін бір баспананың құнындай айыппұл салуға түбегейлі қарсымын. Себебі өзім қарайтын Ақсақалсай, Айырсай, Елікті, Тұтты аумақтарында Қызыл кітапқа енген Грейг және Кауфман қызғалдақтары өседі. Оны дәл қазір жота басында арқар да, елік те, тау етегінде шаруа қожалықтарының малы да жеп жатыр. Тау басында тіршілік пайда болғалы бері күні бүгінге дейін жағдай осылай. Одан ешқандай гүл жойылып кетіп жатқан жоқ. Негізінде гүлдің пиязшығына залал келмеуі қажет дейді білгіштер. Олай емес, гүл ерте көктемде дәнін шашып үлгереді. Оның өміршеңдігі пиязшыққа қарап тұрған жоқ. Шашылған ұрықтан он жылда одан да көп гүл шоғыры өсіп шығады. Оған осы салаға бар ғұмырын арнаған әкем де, қырық жыл еңбек етіп келе жатқан өзім де куәмін. Несін жасырамыз, бізде осы мәселенің анық-қанығын дәлелдей алатын маман жоқ. Орман шаруашылығында жүргендердің табиғаттануға қатысты білімі таяз. Себебі олар дипломды Қырғызстан мен Шымкенттен сатып алады да, жыл сайын гүлдің қалай, қай жерде өсетінін көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ алыстан барлап, білгішсінеді. Ондай біліммен орманымыз қалай жайқалмақ? Биыл қызғалдақтар кеш гүлдеді. Табиғатты қорғау саласының мамандары 1-2 айда бір мәрте келіп-кетеді, болды. Ол жеткіліксіз. Ол үшін бақылау нүктелерінде арнайы будкалар орнатылып, мамандар сол жерде отыруы қажет. Ерекше қорғалатын бұл гүлдердің аумағында арнайы белгілер орнатылуы тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлар жайлы жиі айтылуы керек. Әйтпесе қай қызғалдақтың Қызыл кітапқа енгенін халық білмейді ғой. Оның түрі тек біз секілді мамандарға ғана мәлім. Әңгіме тек қызғалдақта ғана емес, бізде тағы ерекше қорғалуды қажет ететін Сиверс алмасы өседі. Бұл тек Іле Алатауы мен Қаратау бөктерінде ғана өсетін жеміс. Кезінде 3 келі дәнін өзім жинап, Алматыға сараптамаға жіберген болатынмын. Алатауда алманың 40 түрі болса, бізде одан да көп. Жоғарыда айтқанымдай, дипломды сатып алған біздегі мамансымақтар оның да қадіріне жете алмай отыр. Есесіне қытайдың уланған алмасын таңсық етіп жүр. Осыдан кейін гүлдің жайы тұрмақ, табиғаттың тағдыры туралы не айтуға болады? Егер шынымен ақиқатын анықтап, ақ-қарасын ажырата білетін маман болса, біздің елде гүл төңірегінде мұндай дау тумас та еді. Шын тәжірибелі, білікті мамандар жұмыс істесе, қазыналы Қаратау бөктерінде алма түгіл, анар да өседі. Оның игілігін ел, өскелең ұрпақ көрер еді. Өзіме қарасты аумақтың қорықтан айырмашылығы мұнда мал жайылуға, адамдардың тынығуына рұқсат етілген. Кеңестік қиын-қыстау кезде малды қорықтарға тығу арқылы аман алып қалғаны тарихтан белгілі. Мен тек әрбір келуші мен мал иесіне тазалық сақтауды ескертіп, қадағалап отырамын, – дейді орманшы Рүстем Назарбеков.
Көпшіліктің көңілін күпті еткен гүл мәселесі арқылы осындай көптеген жайтты жайып салған ол жазира даланы жайлап, тау бөктерін бойлап өскен сирек гүлдерді себеп қылып, адам айтса нанғысыз айыппұл салуға еш негіз жоқ деп отыр. Мәселеге жауапты тағы басқа да мамандарды таппадық, олардың өзі де Қызыл кітапқа еніп кеткендей. Сондай-ақ байланысқа шығып, пікірін білу аң-құспен тілдескеннен де қиынға соққанын жасырмаймыз. Сөйтсек, жұмыстың дені әлеужелі арқылы жүзеге асып жатқан көрінеді.
– Қазіргі XXI ғасырда ғаламтордың игілігін тиімді пайдалану маңызды. Сондықтан ақпараттық түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы жүргізіліп жатыр. Ол үшін арнайы парақшалар ашылған. Ал рейдтік шаралар көбіне Жуалы, Қаратау жоталарында өтуде. Ол тек сәуір-мамыр айларында ғана емес, кейбір гүлдердің ерте гүлдеуіне байланысты алдын ала ұйымдастырылады. Қызыл кітапқа енген гүлдер ерекше бақылауымызда. Ерекше қорғалуды қажет ететін өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қадағалаумен тек біз ғана емес, сонымен қатар құқық қорғау саласының қызметкерлері де атсалысуда, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы Елнұр Әлімқұлов.

Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды

Бұл ретте біз құқық қорғау саласының сақшыларын да әңгімеге тартып, мәселеге орай заң тарапынан қолданылатын шараларды сұрап білдік. Расымен де Қызыл кітапқа енген гүлді жұлудың жазасы ауыр екен.
– Біздің өңірде Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлу фактісі әлі анықталмаған. Есесіне жануарларға қатысты заңбұзушылықтар жиі орын алады. Дегенмен Грейг секілді қызғалдақты жұлғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы «Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналасу» бөліміне сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын ұмытпаған жөн. Заң бойынша Қызыл кітапқа енген гүлді жұлғаны үшін салынатын айыппұлдың көлемі – 3 мың АЕК-ке дейін, бұл шамамен 8 751 000 теңге. Қылмыстық Кодексте гүлдің саны көрсетілмеген, яғни бір гүлді жұлудың өзі жеткілікті. Тұрғындардың бәрі бірдей Қызыл кітаптағы өсімдіктер жайлы біле бермеуі мүмкін. Бірақ заң жүзінде білместік қылмыстық жауаптан босатпайды. Сондықтан ерекше қорғалуы тиіс аумақтарға сол өсімдіктер туралы ақпарат пен жұлынса қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертіп, жазу қажет-ақ, – дейді облыстық полиция департаментіне қарасты табиғатты қорғау полиция қызметінің басшысы Мақсат Мадимаров.

Голландиядан үлгі алатын кез келді

Жалпы әлемде Голландия гүл экспорты жөнінен әлемде жетекші орындардың бірінде. Өткен ғасырларда Қазақстаннан ұзатылып барған қызғалдақтың голландық түріне қызығушылардың көп екені рас. Қызғалдақтың отаны Қазақстан екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бүгінде еліміздің әр аймағында оның отыздан астам түрі кездеседі. Осы дала төсін жайнатып жіберетін қыр гүлі бертінде ғана, яғни ХVІІ ғасырдың соңында зерттеле бастапты. Шетелге ең көп экспортталатын да осы қызғалдақ екен. Әлемнің эколог мамандары қызғалдақтың табиғи түрін тек Қазақстаннан ғана табуға болатынын мойындайды. Бұл гүл түрлерін Қызыл кітапқа себепсіз есепке алмасы белгілі. Жаһандық мамандар қыр төскейін қызыл түске бояйтын осы әсем гүлдер жойылудың сәл-ақ алдында тұр деп дабыл қағып отыр. Ал бізде бұл гүл падишалары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқаны да өкінішті. Өзекті өртейтіні оның жұлынғанында емес, голландтықтар секілді пайдаға асыра алмай отырғанымызда. Оны құр қарауылдап, күзетіп қана қоймай, табыс көзіне айналдырып, сол арқылы жер мен елдің ырысын еселей алатын маманның жоқтығында. Қыр қазынасына қажетті мәннің берілмеуінде. Мысалға айтар болсақ, жай ғана Жапониядағы сакураның гүлдегенін көруге жер-жаһаннан жиналатын халықтың қарасында қисап болмайды. Сол секілді біздегі Берікқара шатқалы да гүлсүйер туристерге сұранып тұр емес пе? Әрине, насихат жұмысы аз болғандықтан нәтиже де көңіл көншітпейді. Бүгінгі біздегі жауқазын гүлдердің жарнамасы тек адамға айыппұл арқалатқан жаңалықтармен ғана жар салып отыр. Одан аса алған жоқ. Шетелдіктерге насихаттамақ түгілі, Қызыл кітапқа енген құндылықтарымыздың түр-тұрпатының қандай болатынын, оны бейберекет жұлуға болмайтынын өзімізге-өзіміз әлі түбегейлі түсіндіре алмай келеміз. Лайым, алдағы уақытта бұл мәселенің оң шешімі табылар деген үміттеміз. Гүл падишаларын оған дейін сақтай алсақ, әрине…

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.