Құрылыста ең бастысы – мерзім мен сапа

0 142

Құрылыс саласында ең бастысы – мерзім мен сапа. Алайда құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуі бүгінде әдетке айналды. Әсіресе мектеп құрылысына келгенде мердігерлер жоспарлы жұмысты сағызша созып жүріп алады. Міне, осы мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты қаралды. Жиында ең әуелі облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен күрмеуі қиын мәселелерге тоқталды.

Ағымдағы жылы құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 146,7 миллиард теңге құрайтын 207 жобаға бюджеттен 67,6 миллиард теңге бөлініп, іске асырылуда. Биыл бас-аяғы 150 нысанды тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 76 көпқабатты тұрғын үй, 24 мектеп, 1 колледж, 1 абаттандыру, 10 денсаулық нысаны, 11 спорт нысаны, 6 мәдениет, 2 ауыл шаруашылығы және 6 қызмет көрсету нысаны бар.

Аталған жобалардың 131 нысаны «Нұрлы жер», 23-і «Жұмыспен қамту», 7-і «Ауыл – Ел бесігі»,   35-і өзге даму бағдарламалары бойынша және 1 нысан құрылысы Үкімет резервінен жүзеге асуда.

Құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып, сметалық құны 66,7 миллард теңге құрайтын 43 жобаның құрылысын жүргізуде. 2021 жылға 29,1 миллиард теңге бөлінді.

Енді бөлінген қаражаттың игерілуіне келсек, мәселе жоқ емес. Мәселен, Тараз қаласы Қант зауыты аймағындағы №2 мектептің құрылысы 2 айдан бері тоқтап тұр. Аталған нысан тамыз айында пайдалануға берілуі керек болатын. Бұдан бөлек үш мектептің сметалық құны қайта есептелуде. Олар Айша бибі ауылындағы, Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин және Қордай ауданындағы Арал мектептері. Жобалаушылардың қателігінен Байзақ ауданындағы Шахан және Сеңкібай ауылдарындағы мектептердің де құрылысынан ақау шықты. Жобалау кезінде екі қабаттық нысанға лифті орнату үшін 9 миллион теңге қойылған. Сондай-ақ жиһазға 32 миллион, ал компьютерге 78 мың теңге бекітілген. Мұндай қаржыға тек сапасыз компьютерлер алуға болады. Аталған проблемалар бойынша Бердібек Сапарбаев жауаптылардан жеке жеке жауап алды.

Өкініштісі, жұмыста қолға алып, алайда міндетті өз деңгейінде атқара алмай отырғандар түрлі сылтау айтудан ары аса алмады. Мұндағы ең басты қателік, жобаның дұрыс жасалмауынан, жауаптының жүктелген міндетке бей-жай қарауынан. Осылай деп, мердігерлердің жұмысын қатаң сынға алған облыс басшысы басқармада аталған кемшілік бойынша жұмысты үйлестіре алмай отырғанын айтты. Салдарынан, өңірде бірнеше құрылыс тоқтап тұр. Немесе жұмыс тиянақты іске аспауда. Осыны ескерген облыс әкімі құрылыста ең бастысы мерзім мен сапа екенін ескертіп, жоспарлы жұмысты дер кезінде аяқтау үшін құрылыс басқармасы мен аудан әкімдері бірлесе жұмыс жасау керектігін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.