«Қоғамды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле»

0 168

Жалпы қоғамның басты байлығы адам болса, парасатты да тәрбиелі қыздар – қоғамның ортаймайтын ең құнды қазынасы. «Қоғамды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қағиданың мәні қаншалықты терең болса, мазмұны соншалықты салмақты.

«Қыз, әйел, ана» – қасиетті ұғымдар, өйткені олар – өмірдің ұрпақ өрбітетін бастау-бұлағы. Ұлттың бар болмысын – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін – ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын әйел-ана. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды дәстүрге сүйеніп, уақыт талабына сай тәрбиелеу – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Қазақ халқы «қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жинақылықтың үлгісі деп танығандықтан, «қыздың жиған жүгіндей», «мінезі қыздай», «қыз қылықты» деп жақсы нәрсені қызбен байланыстырған.

Қоғамның ұстаушы күші болып саналатын қыз баласының тәрбиесін санадан шығармау мақсатында Жамбыл облысында түрлі мазмұнды, тағылымдық шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі ретінде Жамбыл облысы «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен  ұлтымыздың салт-дәстүрі мен өнегелі өнерін сақтап, рухани қазынасы мен ұлттық құндылықтары  арқылы өскелең ұрпақтың  ой-өрісін, рухани жан дүниесін байыту мақсатында өтетін облыстық «Инабатты ару – 2022» байқауын айтуға болады.

Балалар жылын қолдай отырып, мектеп жасындағы қыз балалар арасында ұйымдастырылған бұл байқауға қатысқан он екі ару «Сымбаты мен сыры жарасқан», «Анадан тәлім алған қыз», «Қыз өссе, елдің көркі» атты үш бөлім бойынша сынға түсті. Әділқазылардың шешімі бойынша бас жүлдені Жуалы ауданы, бірінші орынды Жамбыл ауданы, екінші орынды Байзақ ауданы және жүлделі үшінші орынды Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов ауданы арулары иеленді. Қалған қатысушылар «Көркем ару», «Зерделі ару», «Өнегелі ару», «Сымбатты ару», «Үкілі үміт», «Анадан тәлім алған қыз», «Шаңырақтың шамшырағы» номинацияларымен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.