Қалада құрылыс қарқынды жүргізілуде

0 208

Тараз қаласы жыл өткен сайын құлпырып келеді. Әсіресе қала көркінің ажарлана түсуіне шаһарда пайда болған саябақтар мен бой көтеріп жатқан түрлі құрылыс нысандары септігін тигізіп отыр. Қаланың қақ ортасында құрылысы қолға алынған нысанның бірі – «Анаға тағзым» орталығы. Бұдан бөлек сан түрлі білім нысандары күрделі жөндеуден өтіп жатса, енді бір білім ошағына қосымша ғимарат салынуда Олардың арасында қазығы жаңадан қағылып, «әне-міне ел игілігіне ұсынылады» деп отырған су жаңа мектептер де бар. Ашылуын тұрғындар асыға күткен құрылыс нысанының бірі –  «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабында салынып жатқан заманауи келбетке ие еңселі мектеп. Жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған нысандардың құрылыс жұмыстары қалай жүргізілдіп жатқанын аралап көрді.

Қайрат Рысқұлбеков саябағының маңынан салынып жатқан «Анаға тағзым» орталығының жалпы құны 560 миллион теңгені құрайды екен. Бір айта кетерлігі аталған орталық демеушілердің қолдауымен салынуда. Мердігер компания – «Елім-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның директоры Дəурен Жаужүрековтің айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталыпты. Салынып жатқан орталықтың алдында құшағына сәби қысқан ананың мүсіні де орнатылып қойыпты.

Облыс əкімдігі сəулет жəне қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Əбдешов былтыр құрылысы басталған нысан алдағы қыркүйек айында толығымен аяқталатынын жеткізді. Бұл орталықта алдағы уақытта қыз-келіншектерге ұлттық тағам әзірлеу, тігін тігу және психологиялық кеңес беру секілді бағыттар бойынша жұмыс істейтін көрінеді. Іс басында елу құрылысшы еңбек етуде. Қазір ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары мен ауласын абаттандыру көзделіп отыр. Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы ғимаратты ұлттық нақышта безендіруді тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі Төле би даңғылының бойында салынып жатқан мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығына барды. Мердігері «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын былтырғы шілдеде бастағанымен іс мардымсыз жүріп жатыр екен. Бердібек Сапарбаев салалық басқарма басшыларына мәселені шұғыл шешуді, ал мердігерге қаражатты дереу қарастырып, құрылысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Өткен жылы басталған №2 мектептің құрылысы бүгінде 75-80 пайызға аяқталыпты. Оны салып жатқан «Талас құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Облыс әкімі аталған білім мекемесінің бөлмелері тар, асханасы аядай әрі ыңғайсыз жерге орналасыпты. Жоғарғы қабаттарындағы жарық, жылу жүйелері дәліздің төбесімен жүргізіліпті. Осыны аңғарған аймақ Б.Сапарбаев: «Жобаға қол қоярда осының барлығын қарап, облыс əкімдігінің сəулет, қала құрылысы мен білім басқармалары өзгеріс енгізулері керек еді. Жобалауда көп кемшіліктер кеткен. Алда мұндай кемшіліктерге жол бермеу керек. Ал мектепті бірінші қыркүйекке беру үшін оның құрылысын 10 тамызға дейін талапқа сай сапалы аяқтауды тапсырамын», –деді.

Келесі кезекте аймақ басшысы құрылысы қарқынды жүріп жатқан №22 орта мектеп пен «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабындағы мектептерді аралап, жауаптыларға жұмысты жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.