Пияз егіп, пайдасын көруде

0 204
Баптай білсе, Жер-ананың жомарт екеніне көз жеткізген диқандар ала-жаздай төккен терінің жемісін көре бастады. Айта кету керек, бұрнағы жылдары қант қызылшасын егуден рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген Шу ауданы қазіргі таңда жуа өсіруден алдына жан салмай тұр. Неге десеңіз, облысымыздағы 22 мың гектар пияздың жартысынан көбі дәл осы Шуда егіледі екен. Дәлірек айтсақ, 13 300 гектар егістік жерге пияз өсіріледі. Осыған байланысты аудан әкімі Нұржан Календеров тамшылатып суару арқылы мол өнімге қол жеткізіп отырған Рашид Юлиннің жуа алқабына барып, шаруалармен тілдесті. Көршілес Қордай ауданынан келген шаруа жиын-терім науқанында жергілікті тұрғындарды тұрақты маусымдық жұмыспен қамтып, қосымша нәпақа табуына себепкер болып отыр.
Қожалық иесі жуаның «Бонус» деп аталатын түрін «Enza Zaden Kazakhstan» ЖШС-нен алыпты. «34 гектар алқапқа егілген жуаның 5 гектары ерте, ал қалғаны кеш піседі. Голландиялық тұқымның бұл түрі мол өнім беріп қана қоймай, көкөніске түсетін түрлі ауруларға да төтеп бере алады. Сондай-ақ пияз біркелкі өсіп, арнайы техникамен жинауға да ыңғайлы. Мұндағы алқап түгелдей тамшылатып суару технологиясы арқылы ылғалдандырып отыр. Жалпы, биылғы өнім жаман емес. Қазіргі кезде жиналған өнімнің келісі 75 теңгеден Ресей еліне жөнелтілуде. Жұмысшылардың барлығы жақын маңдағы ауыл тұрғындары. Тиісті жалақыларын еңбектеріне қарай төлеп жатырмыз», – дейді қожалық иесі.
Қазір пияздың ерте пісетін сұрпын жинау жұмыстары ерекше қарқын алып тұр. Жергілікті тұрғындар күнделікті жинаған қабына қарай 8 мың теңгеге дейін табыс табуда. Шаруалардың айтуынша, қазір әр гектардан 90-100 тонна көлемінде өнім жиналуда. Жиын-терін жұмыстарына қажетті техника да жеткілікті. Дәл осындай маусымдық жұмыс кезінде 70-ке жуық адам жұмыспен қамтылып отыр.
Тұтастай алғанда, пияз өсіруде әр маусымда түсім әртүрлі. Нарықта да қандай баға қалыптасатынын дәл болжау қиын. Сондықтан кейбір шаруалар шатқаяқтаған нарық бағасынан қорқып, бұл көкөністі өсіруге жүрексініп жатады. Алайда еңбекқор дүнген халқы жуа өсіруді жылдан-жылға мықтап қолға алуда. Әлбетте, лайықты өнім алу үшін агротехникалық жұмыстарды рет-ретімен, өз орнымен орындау қажет. Сонда ғана мол өнімге шығынсыз жетуге болады. Бұл ретте, дүнген ұлтынан үйренеріміз көп екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, Шудағы тұрғындар дүнгендерден пияз егудің соны әдісін үйренгенін байқауға болады. Шулық шаруалар жуа егудің ерекше тәсілдерін, әсіресе тұқым таңдауды ерекше меңгере бастаған. Олардың басым бөлігі бірінші кезекте топырақ қыртысы мен әркелкі ауа райында тұқымның құрғақшылыққа, ауа райының күрт құбылуы немесе зиянкестер мен түрлі ауруларға төзімділігін ескереді. Оған қоса, тамшылатып суару әдісі арқылы бұрынғы өнімділікті екі есеге дейін арттырып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар дәл осылай қарқынды дамып, бәсекелестік артса, өнімділік те көбейе бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.