Өңірде құрылыс қарқыны артып келеді

0 5

Жақында облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Т.Рысқұлов ауданына ісспармен барды. Онда журналистер Құлан ауылының «Арай» тұрғын алқабында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен танысып, құрылыс қарқыны мен сапасына мән берді. аталған тұрғын үйлер арасында 5 қабатты 80 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын қалыпты. Мердігер компания «Сырым-Білеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмысын 593 миллион 726 мың теңге жүргізіп жатыр. Компания директоры Ермұрат Күнібеков құрылыс жұмысы белгіленген жұмыс кестесені сай, яғни уақыттан кешікпей жүргізіліп жатқанын айтады.

– Іске 20-ға жуық техника жұмылдырылып, нысанның іргетасы қаланғалы 100 адам қарқынды еңбек етіп жатыр. Құрылысшылардың дені жергілікті тұрғындар. Пайдаланылып жатқан құрылыс материалдары да отандық өнім санатында. Осы тұрғын үйдің құрылысы алдағы тамыз айында аяқталып, пайдалануға беріледі, – деді ол.

Осы аудандағы Қарақыстақ ауылында да тұрғындар үшін жақсы бір игі іс қолға алынған екен. Ол – ауылдағы тұрғын үйлерге газ тарту. Нақты айтқанда, қазына қаржысынан бөлінген 522 миллион 698 мың теңге Каменка, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қазақ, Жаңатұрмыс ауылдары газдандырылатын болыпты. Осы қаржыны жұмсау арқылы аталған ауылдарға ШРП орнатылмақ. Одан кейін барып тұрғындар өз қалтасынан 360 мың теңге шығарып, іргеге келіп тұрған газды үйлеріне кіргізіп алуы тиіс. Осы жұмыстармен танысқан журналистер қауымы сол күні Тараз қаласына қайтадан ат басын бұрып, шаһарда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарын аралады. Мәселен №14 шағын ауданнан салынып жатқан облыстық онкологиялық диспансердің құрылыс нысаны алыстан мен мұндалайды. Баспасөз туры аясында осы нысан басына келгенде журналистер облыстық онкологиялық орталық директорының орынбасары Гүлжан Тәйтеліні кезіктірді. Ол жаңа орталық 200 орынға арналғанын, одан бөлек мұнда 25 орындық күндізгі стационар салынып жатқанын, болашақта 100 орындық емхана жұмыс халыққа қызмет ететінін сөз етті.

– Құрылысты тамыздың соңында аяқтап шығуға тырысып жатырмыз. Жұмысты аталған мерзімде бітіруге толық мүмкіндігіміз бар. Сапалы әрі заманауи құрал жабдықтар Корея, Италия, Жапония секілді өркениеті озық мемлекеттердің өнімі, – деді құрылыстың бас мердігері «Тұр-Ахмет и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры Ерғали Құлажанов.

БАҚ өкілдері қайырылған бұдан кейінгі нысан «Мамыр» саябағында орналасқан «Асар» оңалту-сауықтыру кешені еді. Аталған кешен директоры Руслан Төлегенов мұнда сапалы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін айтарлықтай жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Аталған оңалту-сауықтыру кешенінде оқу бөлмелері, тігін шеберханасы, логопед, психология бөлмелері мен ойын алаңдары бар екен. Барлығы сапалы әрі талапқа сай жасалған.

Шалғай Қарасу тұрғын алқабында бой көтерген 600 орындық мектеп құрылысы өткен жылы 18 мамырда қолға алынған көрінеді.

– Мектеп салып беру жөнінде осындағы жергілікті тұрғындар 6-7 жылдан бері мәселе көтеріп жүрген болатын. Соның шешімі енді табылып, балалар келер жылдың екінші тоқсанында заманаи келбетке сай жылы әрі сапалы білім мекемесінде оқиды деп күтілуде.. Мектеп құрылысы 3 негізгі блоктан тұрады. Ендігі мәселе мердігерлердің жұмысты уақытылы аяқтап шығуында болып тұр, – деді Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Марат Серікбаев.

Негізі аталған нысанды пайдалануға беру мерзімі келер жылдың қаңтар айына жоспарланған екен. Бұл білім ошағы үшін қазынадан 2 миллирад 237 миллион теңге қаражат бөлініпті. Десе де мердігер компания құрылысты биылғы желтоқсан айында, яғни мерзімінен бір ай етре аяқтауды көздеп отыр екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.