Облыста 18 компьютерлік томография аппараты жұмыс істеп тұр

0 179

Адамны бойында індеттің бар-жоғы ПТР және серологиялық тестілер арқылы анықталатыны белгілі. Соның ішінде былтыр Жамбыл облысында ПТР тест тапсыру арқылы дәрігерлер аймақта нақты қанша адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын анықтаған болатын. Олардың кейбірідәрігерлік бақылауға алынса, көпшілігі карантинге жабылды. Мақсат – науқастарды дер кезінде емдеп жазу. Осылайша, індетке шалдыққан адамдарды емдеу барысында олардың өкпесінің қанша пайызы зақымдалғанын анықтауға келгенде дәрігерлер компьютерлік томография аппаратының көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Алайда, медициналық аппараттың осы түрі өткен жылы облыс орталығындағы кейбір емдеу мекемелерінде тапшы екені білініп қалды. Ал кейбір аудандарда тіпті атымен болмаған екен. Өңірдегі қалталы азаматтар мен атымтай жомарттардың арқасында былтыр бірқатар компьютерлік томогафия аппараты бірнеше емдеу мекемелеріне сыйға тартылған болатын. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бүгінде облыс бойынша 19 компьютерлік томогафия аппараты болса, соның қазір 18-і жұмыс істеп тұр екен.

Соның бірі Тараз қалалық №2 емханасында орнатылған. Онда контрасты тексеру  жүргізуге арналған  «u СТ 528» деп аталатын 80 кескінді жаңа құрылғысы орнатылған.

Құрылғы емхананың 1-қабатында, жеке кіреберісі бар ыңғайлы жерде орнатылған. Бүгінгідей пандемия жағдайында COVID-19 алдын-алудың барлық мәселелері қарастырылған. Білікті мамандар мен жаңа заманауи құрылғының бағдарламалық жасақтамасы пациенттердің үлкен ағымымен жылдам, әрі тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

– Компьютерлік томограф деген ағзаның барлық бөлімдері мен жүйелеріне зерттеуді жүргізуге мүмкіндік береді. Қарама-қарсы түстерді қолданып, бағдарламаның арнайы пакеттерін қосу ағзалардың зақымдану деңгейін анықтайды. Оның басты ерекшелігі – арнайы бағдарламаның көмегімен адам ағзасының барлық бөлімдеріне зерттеу жүргізетіндігінде. Мұндай аппараттан өту үшін арнайы дайындықтың қажеті жоқ. Тек, сырға, сақина, белдік сынды темірден жасалған бұйымдарды шешіп, пациент шалқасынан құрылғыға жатқызылады. Аппарат 10-15 секундтың ішінде сканерлеп, ауру себептерін анықтау үшін компьютер бетіне адам ағзасын түсіріп береді. Тексеру жұмыстары ешқандай ауыртпалықсыз жасалады. Облыстағы барлық компьтерлік томографтар апараттары қазіргі заман талабына сай, инновациялық-сандық үлгідегі заманауи қондырғылар болып есептеледі.

Жеңілдік санатындағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тіркеуде тұрған адамдар осы аппараттан тегін тексеруден өте алады. Сондай-ақ, келісімшартқа отырған кез-келген емдеу мекемесінің жолдамасымен барған пациенттер де тегін диагностикадан өтуге құқылы, – дейді Әсет Әскерұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.