Індет қашан тоқтайды

0 168

Коронавирус инфекциясының Қытайдың ухон қаласында пайда болғанына екі жылға жуықтаса, індеттің дүниежүзіне тарап, әлемді дүрліктіргеніне бір жарым жылдай болды. Қазір жұрт індет салған ойраннан, медициналық маска тағынып, сақтық шараларын ұстанудан шаршады. Сондықтан да «Пандемияны қашан жеңеміз, індет қашан аяқталады?» деген ой әр адамның көкейіндегі басты сұрақтың бірі болып отыр. Ел сенген ғалымдардың да пайым-пікірі де әр алуан. Бірі 1-2 жылды меңзесе, енді бірі әлі 5-10 жыл күту керек деген уәжді алға тартуда. Расында, жұрт індетпен қашанғы күреспек? Алда не күтіп тұр?

– Індеттің қашан аяқталатыны барлығымыздың көкейіміздегі сұрақ. Десе де жұртшылық барынша сақтық шараларын ұстанғаны абзал. Бұл ретте індетпен күрес жүргізіп жатқан дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз. Ең болмаса жиын-тойға баруды азайтып, карантиндік талаптарды бұзбасақ әрі дәрігерлердің де жұмысын жеңілдетеміз және індеттің таралуына тосқауыл қояя аламыз, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Нәзипа Бердиева.

Былтыр ғалымдар күннің жылынуына байланысты коронавирус індетінің таралуы мамыр айында тоқтайды деп мәлімдегені есте. Алайда, күн сәулесі болғанда вирус шыдай алмайды деген пікір жоққа шықты. Осылайша, оқымыстылардың 6 ай, 9 ай, 1 жыл қалды деген болжамдары бос сөз болып қалды. Соңында ғалымдар коронавирусты тоқтатудың екі жолы бар екенін айтты. Нақты айтқанда, бүкіл адамзаттың иммунитетін қалыптастыру және екпе ойлап табу індеттің жолын кеседі деген түйін жасады.

Індетпен арпалысқалы 1 жыл 8 ай аз уақыт емес. Дерт талай адамның алқымынан алды, кейбір жан тапсырса, жалп жұрттың өмірі арпалыспен өтуде. Осы уақыт аралығында қауіпті вирус 4 миллион 319 мыңға жуық адамның өмірін қиды. Күллі әлем тұрғындарының өмір сүру салты, психологиясы қатты өзгеріске ұшырады. Екпе табылып, ел вакцина салдыруда. Алайда індет мутатциялануын жалғастыру үстінде.

Сондай-ақ, сарапшылардың ең пессимистік болжамы әлем елдерінің COVID-19 дертімен күресі 2023 жылға дейін созылады дегенге саяды. «Жақсы сөз жарым ырыс» дейді қазақ. Бастысы сақтық шараларын ұстанып, екпені жаппай қабылдап, ұжымдық иммунитет қалыптастырғанда ғана індетті жеңетініміз анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.