Облыс әкімі Елдосқа темір тұлпар мінгізді

0 10

Тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында қазақ елінің спорты ерекше қарқынмен дамыды. Тәуелсіздік алғалы сан түрлі әлемдік додаларда атай салған спортшыларымыз қазақтың атын айдай әлемге таныта білді. Әлемде қазақ деген ел бар екенін жер жаһанға танытуда біздің спортшыларымыздың қосқан үлесі зор. Бұрын КСРО дәуіріндегі солақай саясат салдарынан елдегі дарынды спортшылардың әлемдік аренада өнер көрсетуіне мүмкіндік болмай келсе, қазір кім мықты соның белін буып, арқасынан қағып топқа салатын заман. Бұл да тәуелсіздігіміздің, өз алдымызға ел болғанымыздың арқасы.

Тегінде қазақ «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді. Жалпы спорт өнеріндегі, өміріндегі жетістік қара термен, тынымсыз еңбекпен келетіні ақиқат. Сондықтан қанша қара күш иесі, епті бола тұра адамның бағы жанып, жеңісті жолдың сәті түспесе қиын. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, дзюдо шебері Елдос Сметовті қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Бұл әулиеталақтардың жерлесіне, спортшыға деген зор құрметінің нышаны.

Кездесуде аймақ басшысы спортшының жетістіктерін жоғары бағалап, оның өңірдің ғана емес, еліміздің намысын абыройлы қорғап, мерейін тасытып жүргенін айрықша атап өтті.

– Жамбыл жерінен шыққан спорт саңлақтары аз емес. Солардың бірі де бірегейі – Елдос Сметов деп білеміз. Сенің жетістігің, спорттағы табыстарың – бүгінгі жас өрендерге үлгі-өнеге. Сен өзіңнің мықты спортшы екеніңді тағы да дәлелдей түстің. Барша жанкүйерлердің үмітін ақтадың, – деді Бердібек Машбекұлы.

Ұлттың ұлына деген құрмет көрсету барысында аймақ басшысы Елдос Сметовке жаңа автокөліктің кілтін табыстап, алдағы уақытта да ел спортын дамыту жолындағы еңбегіне сәттілік тіледі. Ал, жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевке 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етті. Өз кезегінде, дзюдошы да құрмет білдірген облыс басшылығына алғысын жеткізді. Осындай құрмет барда елім деп барын салатын спортшылар жасымайтыны анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.