Нығмашев неліктен сөгіс алды?

0 394

Бүгінде азық-түлік бағасы байлауға көнбей кеткені жасырын емес. Әсіресе Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы  наурыз айының бел ортасында шарықтап, бұқараның наразылығын тудырған болатын. Бағаны бақылауда ұстайды делінген тұрақтандыру қоры да жүрісінен жаңылып, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жауапты мамандардың жұмысын сын тезіне алған. Енді міне бұл мәселеге Үкімет басшысы Асқар Маминнің өзі мән аударып, қызметіне салғырт қараған облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевқа «қатаң сөгіс» түріндегі жаза берді.

Жалпы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2021 жылдың басынан бері республикада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,2%-ға өскен. Бұл ретте 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 4,8%-ды ғана құраған. Ал соның ішінде карантиндік дүрлікпе салдарынан наурыз айында 4,1 пайызды көрсеткен.

Сонымен қатар кей өңірлерде әлі күнге дейін жоғары өсім байқалуда. Ең көп өсім Жамбыл облысында – 4,2% болып тіркеліп  отыр.  Одан кейінгі кезекте 3,8 пайыздық өсіммен  Атырау өңірі тұр. Міне осы нақты фактіні алға тартқан  Сауда және интеграция министрі  бағаның өсуіне жол берген әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларына тәртіптік шара  қолдануды ұсынды.

Ал Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов  Жамбыл және  Атырау  облыстарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты  өңір басшыларының жауапты орынбасарларына қатаң сөгіс беруді сұрады.

«Бірінші тоқсанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсуінің ең жоғарғы деңгейі  Жамбыл мен Атырау  облыстарында тіркелді. Осыған байланысты, осы жұмысқа жауапты Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Есқабылұлы Нұрлыбаевқа және Жамбыл облысының әкімінің орынбасары Берік Болатұлы Нығмашевқа қатаң сөгіс беруді тиісті облыс әкімдеріне тапсыруды сұраймын», — деді Әлихан Смайылов.

Вице-премьердің ұсынысын Үкімет басшысы Асқар Мамин қолдап,  қос облыс әкімінің орынбасарларына «қатаң сөгіс» түріндегі жаза беруді аймақ басшыларына тапсырды.

shanyraq.info

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.