Мекемелер жылыту маусымына дайын

0 150

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің бас инспекторы Ғабидолла Оспанқұлов жұмыс сапарымен ауданға келді. Ғабидолла Абдуллаұлы алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысу үшін «Игілік» кәсіпорнында болып, бұл бағытта аудандағы мекемелер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.

Жалпы, ауданда жеті спорт ме­кемесі жұмыс жасайды. Олардың үшеуі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылса, екеуі табиғи газбен, қалған екеуі автономды қазандықпен жұмыс жасайды. Мә­селен, қазіргі күнге Ақкөл ауы­лындағы №33 балалар-жасөс­пі­рім­дер спорт мектебіне 80 тонна кө­мір жеткізілген. Бұл туралы аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шыңғыс Рысбек айтып берді.

Бұдан бөлек, білім бөліміне қарасты мекемелерде тиісті деңгейде жұмыстар жасалып жатыр. Ол жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов: -Білім бөліміне қарасты 58 мекеме жұмыс жасайды. Қазіргі таңда аудандағы 37 мектептің жылыту қазандықтары «Игілік» мекемесінің теңгеріміне көшірілді. Қазір білім ошақтарының 70 пайызы тиісті отынмен қамтылды. Қалған 30 пайызы жақын күндері жеткізіледі,-деді.

Бөлім басшыларының бұл бағыт­та атқарып  жатқан  жұмыста­рын  тыңдаған Ғабидолла  Оспанқұлов: — Мектептердің жылу қазандықтары «Игілік» кәсіпорнының теңгеріміне өткізіліп   жатыр.  Мұндай   өтпелі  кезеңде жұмысқа жауапкершілік танытуымыз керек. Бастысы, балаларымыз қыста жылусыз қалмасын,-деді.

Сондай-ақ, Президент әкім­ші­лі­гі­нің бас инспекторы аудандық ор­талық аурухана мен оған қарасты ме­кемелердің, мәдениет нысандарының және «Игілік» кәсіпорнының жылыту маусымына дайындығына көңіл бөлді.

«Игілік» мекемесі директорының міндетін атқарушы Шәріпбек Оңалбаевтың айтуынша  мекеме  қала тұрғындарын жылытумен қамтамасыз етуге толық дайын көрінеді. Кәсіпорынды күрделі жөндеуден өткізуге 62 млн. теңге бөлінген. Бүгінге дейін құбырлар ауыстырылып, жұмыстар толықтай аяқталған. Одан бөлек, мекеменің қаражаты есебінен 3,5 шақырым жылу құбыры жаңартылған.

Жұмыс сапары соңында атқарылып жатқан істерге оң бағасын берген Ғабидолла Оспанқұлов аудан әкімі Қанатбек Мәдібек және сала басшыларының еңбектеріне сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.