Мәскеу мәз болғанымен, болашағы күмәнді жоба

0 203

АҚШ президенті Джо Байден Ресейдің Еуропадағы қуатты жаңа жобасы – «Северный поток-2» (Солтүстік ағын-2) құ­бырына санкция енгізуден бас тартты. Германия канцлері Ан­­гела Меркель Америка басшысымен мамырдағы келіс­сөзінде осы жобаға тосқауыл қоймауды сұрапты. Осының бәрін көршінің идеологтары В.Путиннің жеңісі ретінде көр­сетуде. Шынында солай ма? Экономистер жобаның эко­номикалық пайдасы жоғын айтады.
Өткен сенбіде аяқталған Санкт-Петербор халықаралық экономи­­калық форумында (XXIV ПМЭФ) РФ лидері «Северный поток-2» магистра­лінің бірінші желісін төсеу табысты аяқтал­ғанын зор мақта­нышпен жария етті.

Бір қарағанда, бұл шынымен де Ресейдің халықаралық деңгей­дегі жеңісі мен ірі жетістігі кө­рінеді. АҚШ бұған дейін ресейлік осы жобаны санкция қыспағына алып, оның құрылысы бітпеуіне күш салып келді. Себебі амери­калық газ өндірушілер сұйытылған күйде танкермен тасылатын төл «көгілдір отынымен» еуропалық нарықты емін-еркін игермек бол­ған. Аме­рика Құрама Штаттары­ның тізгіні Байденнің қолына тигелі жағдай өзгерді. Ресейлік жобаның құры­лысы тың серпін алды.

Алып жоба, әрине АҚШ үшін тиімсіз: оның қарсыласының Еу­ропа нарығындағы үлесін арт­ты­рады. Соған қарамастан Джо Байден әкімшілігі «СП-2» жоба­сының операторы – Nord Stream 2 AG компаниясына және оның бас директоры Маттиас Варнигке (Matthias Warnig) қарсы санкция енгізбеу жөнінде шешім қабыл­дады. Бұл қадамға ол Германия сұ­раған соң барып отыр. Өйткені Дональд Трамп тек Американың мүддесіне күш-жігерді шоғы­р­ландыру үшін НАТО бойынша серіктестерінен іргесін аулақ сала бастаған-тын. Одан айырма­шы­лығы сол, Джо Байден сайлауалды бағдарламасында Еуропамен тығыз ынтымақтастықты қайта қалпына келтіруге уәде етті. Оның үстіне аталған газ құбы­рының құрылысы бітуге таяу. Оны осы кезеңде тоқтатып тас­таса, тек Ресей ғана емес, еуро­палық, бі­рінші кезекте герма­ниялық биз­нес үлкен шы­ғын шекпек.

«Германияға не жасау немесе нені жасамау керегін нұсқауға қақымыз жоқ. Әйтпесе, әуел бас­тан Nord Stream 2 жобасына қарсы шығып келемін», – деді Джо Бай­ден журналистерге берген сұхба­тында. «95% дайын тұрған жоб­а­ның аяқталмауынан неміс тұтыну­шылары зардап шегер еді. Байден әкімшілігі жобаға бола Еуропамен, Германиямен қатынасын бұзғысы келмейді», – деп түсіндірді Fox News. Жобаға 5 еуропалық фирма қаржы салып жатыр.

Бұл жайтты АҚШ-тың рес­публикалық партия өкілдері ауыр қабылдады және мұны «Путин мырзаға көп миллиардтық сый­лық» деп бағалады.

Ресейлік экономистер шын мә­нінде, мұның Ресей үшін «көп миллиардтық шығын» екенін алға тартады. Біріншіден, «СП-2» 2012 жылдан бері қолданыстағы «Се­верный поток-1» магистралінің (ол сол бойы толық қуатында жұмыс істеуге көше алмады) «егі­зі» са­налады. Қос құбыр Ленин­град облысынан Балтық теңізінің түбі арқылы Германияға 55 мил­лиард текше метр «көгілдір отын» жет­кізуді қарастырады. Әйткен­мен Еуропа ресейлік осы отын түрін тұтынуды азайтып жатыр. Мысалы, 2020 жылы Ресей қол­даныстағы газ құбырларымен Еу­ропаға Украина арқылы 55,8 млрд текше метр газ жеткізді. Бұл 2019 жылғыдан 38%-ға кем. Яғни, «СП-2» қолданысқа берілгенге дейін Орталық және Шығыс Еу­ропаның көп елі орыс газына тәуелділікті азайтуда ай­тарлықтай табысқа жетті. Сон­дықтан эконо­мистердің бай­ламынша, бұл жағ­дайда жаңа, алып газ құбыры өзін-өзі бәрібір ақ­тамайды.

Екіншіден, «СП-2» жобасы­ның қызығын Ресей толығымен әрі жалғыз көрмейді: табыстың үлкен бөлігін жобаға қаржылық демеу көрсеткен еуропалық ком­паниялар алады. Бірақ бар шы­ғынын Ресей өзі көтереді.

Үшіншіден, Ресей осы жоба арқылы Украинаны жазаламақ болды. Ресейлік газ Еуропаға не­гізінен Украина арқылы жеткі­зі­летіні мәлім. Ал «Солтүстік ағын-2» жобасын іске қосу және ГФР-де хаб құру арқасында Мәскеу көршісіне тәуелділіктен құтылып, оның ау­мағымен өтетін «көгілдір отынды» мүлдем доғаруға ниет­тенген.

2019 жылғы 31 желтоқсанда Ресей мен Украина арасындағы газ тасымалы бойынша 11 жылдық ке­лісімнің мерзімі аяқталды. Мәс­кеу осы датаға дейін «Север­ный поток-2» және «Түрік ағыны» газ құбырлары жобасын аяқтауға жанталасты. Бұл жағ­дайда Ук­раина­мен жаңа келісім бекітудің қажеті болмайтын. Санк­циялар кесірінен үлгермеді. Содан Киев­пен келіссөз жүргізіп, жаңа келісім жөнінде уағдаласуға тура келді. Жаңа шартқа тараптар 2019 жылғы 31 желтоқсанда қол қойды. «Газ­пром» Стокгольм арбит­ра­жының үкімін орындап, Украинаға 2,918 млрд доллар айып төледі. Пре­зидент Владимир Зе­ленский осы келісім арқасында 5 жыл ішінде Ресей Киевке 7,2 млрд доллар аударатынын мәлімдеді. Егер тасымал көлемі 40 млрд тек­ше метрден артса, төлейтін ақысы да өседі. Осыдан кейін-ақ «СП-2» жобасы «жазалаушы құрал» мәнін жойғанға ұқсайды. Ресей Украина арқылы «көгілдір отын» тасымал­даудан бас тарта алмайды.

Әзірге Nord Stream 2 жобасы солтүстік көршіге тек шығын әке­ліп жатыр. ТАСС хабар­лауынша, 2021 жылғы ақпанда «Газпром­ның» еуропалық серіктестерінің бірі – Wintershall Dea бұл жобаға қаржы құюдан бас тартты: «Не­містің мұ­най-газ компаниясы жал­пы сомасы 730 млн еуро ин­вестиция салды және ары қарай бұл жобаны қар­жыландыру ниеті жоғын жария­лады». Ресейлік БАҚ-тың бұл ақпаратын герма­ниялық Deutsche Welle түзетті: Wintershall Dea 730 миллион еу­роны инвес­тиция түрінде емес, несиеге беріпті. Оны «Газпром» қайтаруға міндетті. Мұны ком­пания да растады. Ол-ол ма, жобаға қатысушы өзге 4 ірі еуро­палық энергетикалық кәсіп­орын да «тек қана кредит ұсы­нумен шектелген».

Экономистердің есептеуін­ше, Ресей санкциялар кесірінен еу­ропалық осы серіктестерінен қа­ражатты көзделгеннен 1,1 млрд еуроға кем алды. Осылайша, жо­ба­ның құрылысын «Газпром» жал­ғыз өзі аяқтауға мәжбүр. Бұған қоса, ірі компаниялар ары қа­райғы ынтымақтастықтан бойды аулақ салғандықтан, жо­баны сақтан­дыру шығыны өсіпті.

Жалпы, бұл жоба Ресейге 9,5 миллиард еуродан қымбатқа түс­пек.

Бүгінде «Северный поток-2» 100% акциясы «Газпромның» меншігінде болғанымен, олар тегіс еуропалық компаниялардың кепілінде тұр: бұл жобаға берілген кредиттің қайтарылуын қамтама­сыз етуі тиіс.

Сонда «Солтүстік ағын-2» сол­түстік көршіге не үшін керек?

«Ақпарат құралдарының ора­сан зор қызығушылық білдіруі және саясиландырылуы салда­рынан «Северный поток-2» ком­мер­ция­лық жобадан бірінші кезекте символдық мәні бар жо­баға ай­налып шыға келді. Нә­ти­жесінде, оның экономи­калық маз­мұны кейінгі орынға сырғыды. Ресей үшін бұл державалық күш-қуатын және басымдығын паш ету құралы саналады. Сондай-ақ Мәскеу осы арқылы Батыстың санк­цияларын еңсере алатын қа­білетін көрсетпек. Сол себепті Кремль газ құбырын тезірек іске қосуға маңыз беріп отыр», – дейді РФ үкіметі жа­нындағы Қаржы университетінің доценті Геворг Мирзаян.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.