Көшпелі қоғамдық қабылдауда көп мәселе көтеріледі

0 188

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын іске асыру бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Бұл орайда мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының бірінші басшыларының азаматтарды апта сайын жеке сұрақтарымен қабылдайды. Nur Otan партиясының жергілікті филиалдары жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде кестеге сай тоқсанына бір рет басшылардың қабылдауы жүргізіліп тұрады.  Бұл қабылдаулар азаматтардың мәселелерімен жақынырақ танысуға және оларды сипатына қарай жіктеуге мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы орган өкілдері сол арқылы өз әрекетін жұптап, салалық ведомстволармен әріптестік байланыс орнатады.

Бүгінде тұрғындарының саны 400 мыңға жуықтаған Тараз қаласында тұрғындарды толғандырған түйткілдермен танысуда әр аумақты округте көшпелі қоғамдық қабылдау жүргізу тәжірибесі қалыптасты. Шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев бастаған қалалық әкімдік өкілдері Тараз қаласының №7 аумақтық округіне тұрғындарымен «Дос-Нар» сауда кешенінің маңында  кездесті. Кездесуге аталған аумақтық округте тұратын 60-қа жуық тұрғын келіп, өздерін мазалаған мәселелерді қала әкімі мен қалалық әкімдіктің бөлім басшыларының назарына жеткізді.

Өз кезегінде тұрғындарды мұқият тыңдаған қала әкімі жауаптыларға тиісті мәселелерді уақыт оздырмай шешуді тапсырды.

Негізінен қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың 70 пайызы  тұрғын-үй мен коммуналдық шаруашылық мәселесі көтерді. Ал қоғамдық қабылдауға келушілердің 20 пайызын әлеуметтік мәселелер алаңдатады.

Мұндай форматтағы  қоғамдық қабылдаулар тұрғындар көтерген  мәселелердің шешімін тауып, оның себеп-салдарын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Тараз қаласы әкімінің тапсырмасына сай жекелеген мәселелер бойынша қарапайым тұрғындар мен мемлекеттік мекемелер арасында кері байланыс орнату және олардың түпкілікті шешімін табу үшін комиссия құрылады. Қазіргі таңда көшпелік қоғамдық қабылдаулар бекітілген кестеге сай әр жұма сайын облыс орталығындағы аумақтық округтерде өткізіледі.

Бүгінде мемлекеттік органдар мен халық арасында кедергісіз әрі тиімді кері байланыстың жүйесін қалыптастыру маңызды мәселеге жатады. Бұл орайда тұрғындармен қоғамдық қабылдау әдісі арқылы кедергісіз байланыс орнатудың берері мол болмақ. Тараз қаласының әкімдік мұрындық болған бұл жүйе алдағы уақытта өзге аудандарға да үлгі болса игі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.