Көші-қон заңнамасын көзге ілмегендер жазаланды

0 125

Тараз қаласындағы теміржол станциясы жол полициясы бөлімінің ұйымдастыруымен бекет аумағында «Заңсыз келуші-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде Өзбекстан Республикасының 6 азаматы және Тәжікстан Республикасының 1 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың кейбірі елден шығарылды. Енді олардың 5 жылға дейін Қазақстан аумағына кіруіне тыйым салынды.

˗ «Заңсыз келуші-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігімен тиісті заңнаманы көзге ілмеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар белгіленген мерзім өткеннен кейін Қазақстан Республикасының аумағынан шығып кету туралы талапқа мойынсұнбаған. Заң бойынша аталған азаматтар  40 тәулік ішінде мемлекеттік шекарадан шығып кетуі керек болған. Шетел азаматтары  Қазақстан аумағында болудың заңнамасын бұзғаны үшін Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандырылған сотының қаулысымен Өзбекстан Республикасының 2 азаматы және Тәжікстан Республикасының 1 азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік жолмен 5 жылға шығарылды. Іс барысында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтарының өз құжаттарын ресми тіркеуге тұрғызу үшін танымайтын тұлғаларға бергені анықталды. Ал құжатты алған азаматтар өз уәделерінде тұрмаған, ˗ дейді Тараз стансасы жол полициясы бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Ғ.Абсаматов.

Қырғыз Республикасымен көршілес жатқандықтан облыс аумағында көші-көн заңнамасын бұзатын еңбек мигранттары жиі кездеседі. Мәселен бірер айдың өзінде өңірде 337 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен   35 азаматы Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарылды. Сол секілді шетелдік жұмысшы күшін және иммигранттарды тартуда  заңсыздыққа жол берген  Қазақстан Республикасының 4 азаматына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды.

Облыстық полици департаментінің көші-қон қызметінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен  Қырғызстан Республикасының азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатары заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастырған Қазақстан Республикасының 2 азаматының да үстінен қылмыстық іс қозғалған. Көші-қон туралы заңнаманың орындалуы облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметінің тұрақты бақылауында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.