Індеттің жеңудің жалғыз жолы – екпе алу

0 503

Кейінгі апталарда елімізде эпидемиологиялық ахуал ушығып, індет жұқтырғандардың саны күн санап өсуде. Өкінішке қарай тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтамауы және екпе алуға немқұрайды қарауы вирустың өршуіне себеп болуда.

Дегенмен қазіргі таңда облыста вакцина салу шаралары қарқынды жүруде. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде тұрғындар өз еріктерімен екпе қабылдауда. Мәселен Жуалы ауданында бүгінде екпе алғандар 68 пайызға жетіп отыр. Сонымен қатар тұрғындардың екпе алуында ешқандай қиындық, кедергі болмауы үшін аудан әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап өтер болсақ, аудандық орталық аурухананың жылжымалы медициналық кешені әр күні орталық базарға барып, аудан тұрғындарының екпе алуына мүмкіндік жасауда. Онда базар қызметкерлері, шалғай елді мекендерден келген тұрғындар, кәсіпкерлер екпе қабылдауда. Ал жылжымалы медициналық кешенде білікті мамандар халыққа қызмет көрсетуде.

– Жылжымалы медициналық кешен ағымдағы жылдың мамыр айынан бері орталық базар аумағында тұрғындарға қызмет көрсетуде. Айта кету керек, дәрігерлеріміз кезекпен жұмыс істейді. Жұмыс барысында ешқандай қиындықтар туындап жатқан жоқ.

Ал вакцина салдыруға келген тұрғындардың денсаулығын алдымен жан-жақты тексеріп аламыз.Жалпы тәулігіне 70-90 тұрғын екпе алуда. Сондай-ақ қазіргі уақытта вакцина алып жатқандардың басым бөлігі – студенттер. Себебі ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдегендей, биыл студенттер өткен жылғыдай қашықтан емес, дәстүрлі форматта білім алады, – дейді жалпы тәжірибелі дәрігер Гүлжайна Әбделі.

Мамандар берген мәліметтерге сүйенсек, аудандық ауруханаға індет жұқтырып түсіп жатқан науқастардың дені вакцина қабылдамағандар. Сондықтан да Гүлжайна Орынбасарқызы өзінің және жақындарының денінің саулығын ойлап, тұрғындарды вакцина алуға шақырды.

– Өкінішке қарай вирустың әлі де қаупі толықтай сейілмегенімен, тұрғындар арқаны кеңге салып жүр. Көбіне қарапайым санитарлық талаптарды сақтамайды. Халық көп баратын орындарда бетпердесіз жүреді. Сол себепті тұрғындарға жиын-тойды тоқтатып, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз. Сондай-ай екпе алуға да жүрдім-бардым қарауға болмайды. Індетті жеңудің жалғыз жолы – екпе алу. Сонда ғана әлемді бір тарының қауызына сыйдырған вирусты ауыздықтай аламыз,–дейді Гүлжайна Орынбасарқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.