Автомобиль жолдары қысқа дайын ба?

0 160

Облыс тұрғындары қыстың қытымыр шағында қысылып қалмауын қамтамасыз ету-аймақ басшылығының басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын көзіміз көріп жүр. Қатал сыншы атанған қыстың хабары сезілген сайын,  жауапты сала мамандары жұмылған жұдырықтай қызмет істеп, қыстан қысылмай шығудың барлық қам-қарекетін жасап бағуда. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар және де жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын күтіп-баптау жұмыстары да назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Автомобиль жолдарындағы қауіпсіздік деңгейі оларды күтіп-баптау жағдайына, оның ішінде қысқы кезеңдегі ауарайының қолайсыздығынан туындайтын жайттарға тиісті жол қызметтерінің уақытында әрекет етуіне тікелей байланысты екендігі даусыз. Сондықтан да, бұл жергілікті билік органдарының ерекше назарындағы мәселелердің бірі болып табылады. Шыны керек, соңғы жылдары еліміздің барлық аймағында жол көлік апаттарының саны күрт өсіп, талай адамның қаны қара жолға сіңіп, талай арман қара жолда үзілді. Әсіресе, ақ қар, көк мұзда қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан қыс мезігілінде жол апаты тіпті жиілеп кететіндігі жасырын емес. Мәселен, Жуалы ауданына қарасты «Күйік» асуында, «Қордай» асуында, «Шақпақ ата» асуында осы мезгілде жол апаттары көптеп тіркеліп жатады. Кей жағдайларда жолаушылардың өзі ескертулерді құлаққа қыстырмай, жолға шығып кетуінің салдары қайғылы оқиғаға әкеліп соғып жатады. Ал, «Қазақавтожол» облыстық филиалының мамандары автомобиль жолдарын қысқы маусымға дайындау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады.

– Қазіргі таңда ауа райын болжаушылардың өзі биылғы қыстың қатты болатындығын айтып, дабыл қағып жатыр. Сондықтан арқаны кеңге салып жүруге болмайды. Сол себепті де ерте бастан қамданып, бар керек-жарағымызды түгендеудеміз. Қысқы кезеңде көк тайғаққа қарсы қолданылатын материалдар дайындалуда. Сонымен қатар қажетті техникалардың да барлығы арнайы тексерістен өтуде. Барлық асуларда күндіз-түні кезекшілік жұмыстары жүргізіледі,–дейді филиал маманы.

Иә, филиал мамандарының сөзіне сүйенсек, табиғат қандай тосын мінез танытсада, арнайы сала мамандары бел шеше күресуге дайын тұр. «Қамданған қапы қалмайтындығын» ескерсек, ерте бастан алдын алу шараларын жүргізе білсек қана ұтарымыз көп болмақ. Себебі, қысқа әзірлік жайбасарлықты кешірмейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.