Халық санағы кедергісіз өтуі тиіс

0 197

Кез келген мемлекет халқының саны өскенін қалайтыны анық. Өйткені демографиялық өсім бар жерде елдің әлеуметтік-экономикасы да жақсара түсетіні белгілі. Нақты айтқанда, сан бар жерде сапа пайда болады. Мәселен жүз адамның ішінен бір ғұлама шықпауы мүмкін, ал мың адамның ішінен бір дарын кездесетіні хақ. Кез келген елдің халық санын арттыруға баса күш салуы сондықтан. Сонымен қатар халық санағы қандайда бір мемлекеттің тұрғындар санының қанша екенін, халықтың қанша пайызы өзге ұлт, қаншауы ер, қаншауы әйел азаматы екенін нақты білуге жол ашады.

Жалпы елімізде халық санағы он жылда бір ұйымдастырылса, соңғы санақ осыдан екі жыл бұрын өтуі тиіс еді. Алайда әлдебір себептермен бұл шаруа осы жылға қалдырылған-ды. Хош, сонымен халық санағын өткізуге өңіріміз қандай дайындықтар жүргізуде? Халық санағын жүргізуде қандайда бір кездескен кедергілер бар ма? Бар болса, ондай мәселелер қалай реттеліп жатыр? Осы тектес халық санағына қатысты өзге де мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалығымен өткен басқосуда талқыға салынды.

Облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиевтің айтуынша, санақтың 1 кезеңінде өңірде тұрғындар саны 1 миллион 120 мың 293 адамды құрапты. Маусым айында алдын ала ұйымдастырылған санақтың 1-кезеңінде тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың тізімдерін құру жүргізіліпті. Ал халық санағының негізгі 2-ші кезеңі интернет-сауалнама және жалпылама сауалнама түрінде екі әдіс бойынша жүршізіледі екен.

– Жергілікті атқарушы орган, тарқата айтқанда түрлі деңгейдегі әкімдіктер, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Jas Otan» Жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалы санақ персоналын тамыз айынан бастап жинақтап, іске кірісуі қажет. Өйткені, екінші кезеңдегі халық санағы персоналының саны 1600 адамды құрайды деп жоспарланған. Халық санағының 1-кезеңіндегі тәжірибеге сүйенсек, жұмыспен қамту орталығынан компьютерлік бағдарламаларды білмейтін, планшеттерде жұмыс істей алмайтын мамандар жіберілді. Ал мұндай жұмыс үшін студент, оқытушы секілді техникамен жұмыс істецй алатын жастар ауадай қажет. Барлық санақ персоналы вакцинациядан өтуі де маңызды.

Халық санағының 1 кезеңіне «Beeline» ұялы байланыс операторы байланыспен барлық елді мекендерді қамтымағанына көз жеткіздік. Десе де аталған байланыс операторының Жуалы ауданындағы 20 елді мекенінде, Қордай ауданында 14, Т.Рысқұлов ауданында 11 ауылда байланысы жоқ екенін де білдік. Сондықтан осы тектес басқа да елді мекендерде байланыс жоқ болса, «Beeline» байланысының провайдерлері арқылы аталған елді мекендердің барлығын байланыспен қамтуымыз қажет, – деді Сырым Өскенбайұлы.

Сондай-ақ ол нұсқаушы-бақылаушылардың, интервьюерлердің қауіпсіздігі мен қоғамдық көлікте тегін жүрулерін қамтамасыз ету маңызды екеніне де тоқталып өтті. Ұлттық санақтың 1-кезеңінде Тараз қаласындағы автобус жүргізушілері тарапынан кедергілер туындағанын да жасырмады. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев жолаушы тасымалымен айналысатын шаһардағы барлық компаниялар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін, негізгі санақ кезінде мұндай мәселе туындамайтынына сендірді.

Жиын соңында қандайда бір адамның санаққа ілінбей қалмауына назар аудартқан Бердібек Машбекұлы: «Өйткені әрбір тұрғын үшін көрсетілетін мемлекеттік қызмет, оған жұмсалатын қаржы бар», – дей келе, санақ жұмысының тиянақты жүргізілуін жауаптыларға тапсырып, өзге де мәселелер бойынша міндеттемелер жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.