Есілге 540 мың шабақ жөнелтілді

0 9

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған биылғы жаңа Жолдауында балық шаруашылығын дамытуға баса мән берді. Президент өз сөзінде: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы.

Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек.

Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс.

Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек, – деп атап көрсетті.

         Біздің өңірде де соңғы уақытта балық шаруашылығы кенжелеп қалғаны жасырын емес. Десе де шаруалар Президент назарына іліккен балық шаруашылығының қарқынды дамуынан үмітті. Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Қанатбек Зауырбектің айтуынша, облыс аумағында балық өсірумен айналысатын 117 шаруашылық болса, Балқаш көлінде 18 су қоймасы мен 17 республикалық мәнге ие учаске бар екен. Соның бірі – облысымызда балық өсіріп, табыс тауып отырғаны іргелі шаруашылық саналатын Жамбыл ауданы Гродекова ауылында орналасқан «Сандель» шаруа қожалығы.

Бұл шаруашылықтың аты облысқа ғана емес, өзге өңірлерге де танымал. Біз сандельдіктердің жұмысына дән ризамыз. Бір Гродеково ауылында 71 гектарды алып жатқан 8 шағын шаруашылық балық өсірумен айналысады. Соның ішінде «сандельдіктердің» жұмысы айтуға тұрарлықтай. Бұл шаруашылық жылда ел аумағындағы су айдындарына шабақ жіберумен айналысады. Жалпы Шабақтардың дені Қапшағайға, Шардараға, Балқашқа, облыс аумағындағы Билікөл, Ақкөл, Теріс-Ащыбұлақ және басқа да су қоймаларына жіберіліп тұрады, – дейді З.Қанатбек.

Дильмурат Хусаин-Ахунов төрағалық ететін «Сандель» шаруашылығы жылына екі рет республикадағы сұранысқа ие су айдындарына шабақ жөнелтумен айналысады екен. Бұл жолы мұндағы балықшылар Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзеніне арнайы 540 мың тұқы тұқымдас шабақ жіберіп отыр. Негізінен аталған шаруа қожалық жұмысын мемлекеттік тапсырыс алу арқылы жандандырып отыр. Олар өз істеріне әбден төселген.

– Шаруашылықта 18 маман жұмыс істейді. Мамандардың еңбекақысы жаман емес әрі уақытылы беріліп тұрады. Жылына үш миллионға жуық шабақ өсіреміз. Оларды еліміздің басқа да өңірлеріне және облыстағы су айдындарына жеткізу қызметін қоса атқарамыз, – дейді шаруашылықтың қыр-сыры жайлы бізбен бөліскен Д.Хусаин-Ахунов.

Балық өсірудің шебері, ихтиолог Нұрлан Молдабеков шаруашылықта шабақтың бірнеше түрі өсірілетінін және шабақтардың дәумаңдай, сазан, англиялық карп түрлері жоғары сұранысқа ие екенін сөз етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.