Екпе індеттің алдын алады

0 899

Вакцинациялауға қатысты туындаған  сауалдарға аудандық орталық аурухананың дәрігер-эпидемиологі Бегім Барбосынов жауап береді.

  Бегім Нұржанұлы, вакцина алғаннан соң адам ауыруы мүмкін бе?

–   Иә, ол мүмкін. Вакцина алғаннан кейін қысқа мерзімді тұмаудың белгілеріне ұқсас белгілердің болуы (дене қызуының көтерілуі, мұрын бітелуі, әлсіздік, бас ауыруы, буындардың қақсауы және т.б.) ықтимал. Екіншіден, инъекция салынған жердің ауыруы, қызаруы, ісінуі, қышуы да болады. Бірақ, бұл белгілер адам өміріне қауіп төндірмейді. Дене қызуы көтерілген жағдайда парацетамол, ибуфен секілді дене қызуын түсіретін дәрілерді алып ішкен дұрыс. Ал, жергілікті аллергиялық реакция болған кезде, аллергияға қарсы препараттар қолданған абзал.

Вакцинаны таңдау міндетті болар?

– Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады. Кез келген адам вакцинаны таңдауға құқығы бар.

Неліктен вакцина екі рет салынады?

– Басты мақсат – пандемияны тоқтату. Оны тоқтаудың жалғыз жолы – вакцина салдыру. Адамдар өздері алатын вакцина туралы білуі керек. Азаматтарға осы саланың білікті мамандары вакцинаның қауіпсіз екендігін, ауруға қарсы иммунитет үшін салынатынын және ол өздігінен ауру туғызбайтынын түсіндіреді.

Вакцинаны 2 рет салдыру қажет. Бірінші рет екпе арқылы адам ағзасына гуморалды (уақытша) иммунитет қалыптасады. Екінші рет жасату арқылы иммунитет бекітіледі. Екінші вакцина 21 күннен кейін салынады.

Шығарылып жатқан вакциналар туралы ақпарат беріп өтсеңіз?

–  Бүгінгі таңда, ресейлік «Спутник-V»-дан басқа, АҚШ-тың германдық BioNTech компаниясымен бірлесіп шығарған «Pfizer» вакцинасы, АҚШ-тың «Moderna» вакцинасы, британдық-шведтік «Astra/Zeneca» вакцинасы белгілі. Аталған вакциналар Еуропа елдерінде қолданылып жатыр. Ресейлік «Спутник-V» вакцинасы векторлық, аденовирустың негізінде жасалса, «ЭпиВакКорона» вакцинасы коронавирустың 3 құрамды бөлігінен жасалған, мутацияға шыдамды. Қазақстандық «QazCovid» вакцинасы — инактивациялық вакцина, онда тек «өлі» вирус сақталған. «Өлі» вирустың сұлбасына қарап, иммунитет анықталып жұмыс жасай бастайды.

Аталған вакциналар “Ковидтің” жаңадан пайда болған түрлеріне төтеп бере алады ма?

–  COVID-19 инфекциялық ауру болғандықтан, ол өзгеріске ұшырайды. Қазіргі вакциналар бұл штаммдарға қарсы тиімді. Атап айтқанда, «Спутник-V» вакцинасы  коронавирустың әртүрлі штаммаларына төтеп бере алады. Бірақ, алда әлі талай жаңа штаммалар пайда болуы мүмкін.

Коронавирустың белгілері өткір респираторлық инфекция мен тұмау белгілеріне ұқсас болып келеді. Сондықтан, әр адам белгіленген шектеу шараларын бұзбай және жеке сақтық шараларын сақтай отырып, өзін және жақындарын  індеттен барынша қорғауы керек.

Бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, түрлі отбасылық іс-шаралардан бас тартуы — ауруды жұқтырмаудың бір жолы.

Індетпен күресу ісінде іркіліс жасауға болмайды. Эпидемиялық тұрғыдан КВИ-ді симптомсыз тасымалдаушылар – белгілері бар КВИ науқастарға қарағанда қауіпті. Себебі, олардың өздері аурудың бар-жоғын білмейді, және басқаларға жұқтырып, инфекцияны еріксіз таратады. Сол себепті аудан тұрғындары жеке қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, отбасы және жақындары, қоғам үшін жауапты екендіктерін естен шығармағандары жөн. Өйткені, инфекция қауіпті індет. Індеттің алғашқы толқыны көптеген жанның өмірін алып кетті. Содан сабақ алып, жақындарыңызға қорған болуды ұмытпаңыздар дегім келеді.

 

Сұхбаттасқан Гүлшахар Әбдіқұлова,

Байзақ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.