Бақытын еңбектен тапқан жан

0 248

Заманымызда өзінің тұла бойына біткен адамгершілік, ізгілік қасиеттерімен дараланып, бар күш-қайратын еңбекке арнайтын нағыз ер тұлғалы, еңбек десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар өте көп.

Осы жұмыстың арқасында көпшілігі алғысқа, жақсы марапатқа бөленеді. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған Бақыт Баймұрзаева да Қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы еңбектің қиындығынан қаймықпастан өзіне тапсырылған қызметті бұлжытпай орындап келеді.

Бақыт Әуесханқызы 1963 жылдың 19 ақпанында Қызылорда облысы Арал ауданы Жақсықылыш ауылдық округінде қарапайым отбасында дүниеге келген. 1970 жылы №19 Сольтрест орта мектебіне бірінші сыныпқа қабылданып, 1980 жылы тәмамдаған. Еңбек жолын 1980 жылы «Аралсульфат» комбинатында тұз қалталаушы болып бастаған ол өзінің әуелгі арманы – медицина саласының қызметкері атану мақсатында Қызылорда медициналық училищесінің табалдырығын аттайды.

Осылайша, 1982-85 жылдар аралығында акушерлік ісінің қыр-сырын меңгерген Б. Баймұрзаева білімге деген құштарлығының арқасында оқу орнын «Үздік белгімен» бітіріп шығады.

Білім ордасынан түлеп ұшқан жас маман денсаулық сақтау саласындағы алғашқы қадамын Қызылорда қалалық перзентханасының жансақтау бөлімінде бастайды. Кейінірек Қызылорда облысы Қазалы ауданы орталық ауруханасында жұқпалы аурулар бөлімінде жұмыс істейді.

Өмірдің бір орында тұрмайтыны айдан анық ақықат емес пе? Осындай өзгерістердің нәтижесінде Бақыт апай да киелі Әулиеата жеріне қоныс аударады. Алмас кездіктің қап түбінде жатпайтынындай білімді де білікті маманға да сұраныстың қашан да табылары белгілі. Өз саласының нағыз маманы Б. Баймұрзаева да 2004 жылы Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінің медицина бөліміне жұмысқа орналасып, қызу еңбекке қайта кірісіп кетеді.

Сол уақыттан бері аталған мекемеде табан аудармай қызмет етіп келе жатқан Бақыт Әуесханқызы ұжымына сыйлы, жастарға еңбек жолы үлгі болған тәжірибелі медбике.

Қазіргі таңда Б. Баймұрзаева сүйкімді жар, бақытты ана. Отағасы – жоғары санаттағы дәрігер. Бақыт Әуесханқызы қызын қияға, ұлын ұяға қондырған бақытты отбасының сүйеніші.

Leave A Reply

Your email address will not be published.