Депутаттар халық қамын ойлауы тиіс

0 35

«Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалында партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша жиын өтті. Партияның қалалық филиалы төрағасы Ержан Жылқыбаев төрағалығымен өткен жиында

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын Тараз қаласында іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы бойынша қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев баяндама жасады. Ол өз сөзінде сайлауалды бағдарлама негізінде атқарылған жұмыстарды тәптіштеді.

Бүгінде алға қойған ауқымды мінедеттерді орындау, оның ішінде жол картасында көрсетілген межелерге қол жеткізу басты парыз. Оның ішінде коммуналдық шаруашылық пен құрылыс саласын сапалы әрі қарқынды жүргізу маңызды. Жол картасының 7 басымдығында көрсетілген сала бойынша 31 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Осы жартыжылдықта жол картасына енгізілген іс-шаралардың төртеуі толығымен орындалды. 23-і орындалу үстінде. Ал қалған 4 іс-шараның орындалу мерзімі келер жылға жоспарланған, – деді Асхат Қамқабайұлы.

«Күні бүгінге дейін қалаға қарасты саяжайлардағы қоғамдық көліктерде жолақыны электронды есептесу құрылғылары орнатылмаған. Салдарынан тұрғындар қолма-қол 100 теңге төлеп жүр. Бүгінгідей цифрлық мемлекет құруға талпынып жатқан қоғамда қолма-қол есеп айырысу атымызға сын», – деді жиын барысында қалалық мәслихаттың депутаты Жанар Бүркітбаева.

Өз кезегінде Ержан Жұматұлы жауаптыларға шаһардағы қоғамдық көліктердің барлығын электронды жүйеге толығымен қосуды тапсырды.

Қала әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыровтан Ержан Жұматұлы «Бизнестің жол картасы» бойынша 3 миллион теңге грантты қанша адам алғанын сұрап білді. Қала әкімінің тағы бір орынбасары Алмас Садубаев «Nur Otan» партиясының жол картасында осы жылдың І жартыжылдығында спорт, мәдениет, ішкі саясат, білім, жұмыспен қамту салалары бойынша енгізілген 54 іс-шараның 14-і орындалғанын, 33-і орындалып жатқанын, қалған іс-шаралардың орындалу мерзімі алдағы жылдарға жоспарланғанын сөз етті. Сондай-ақ жастар практикасы бойынша алты айлық ақылы тәжірибеден өтуі тиіс 200 адамның 158-іне жолдама берілгенін тілге тиек етті. 300 адамның 270-і қайта даярлаудан өтіпті. Жылына 6 дәрігердің шетелде біліктілігін арттыру көзделген көрінеді.

«Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының орынбасары Уалихан Байдуанов қалалық мәслихаттың кейбір депутаттары халықпен кері байланыс орнатуды ұмыт қалдырғанын алға тартты.

Жиын соңында Е.Жылқыбаев ел сенген депутаттар белсенді болу қажеттігін еске сала отырып, халықтың мұң-мұқтажын билікке, биліктегі атқарылған жұмыстың нәтижесін халыққа жеткізетін депутаттар үдеден шыға алмаса, мұндай жауапкершілігі зор жұмысты арқаламау керектігін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.