Даланың дара кемеңгері немесе «Таза бұлақ» табиғаты

0 250

Шамның жарығы ешқашан түбіне түспейтіні секілді, білімнің жарығы жарығын жаһанға шашып қазіргі ғаламторда отырған ұрпақтың  түсіне кірмейтін ғаламаттың болатынын ғасыр бұрын болжаған ғалым бар. Ол ұлт ұстазы  — Ыбырай Алтынсарин.  Өмірі ғибратқа толы  мыңжылдықтар тоғысында бір рет  туылатын қайталанбас  даланың дара кемеңгері туралы  білетініміз бен білуге тиісіміз не?
Оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән беріп қоймай, қоғамдық саяси-өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазып,  ұлттың ұлт болып  қалуына ерен еңбек сіңірген  ағартушы Ыбырай Алтынсариннің жолы, кісілікке тәрбиелейтін ғибратты шығармалары өзінің мән-мағынасын ешқашан жойған емес.
Ы. Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (1879) — ұстаздардың ең басты әдістемелік құралы. «Ы. Алтынсарин-кириллица таңбалары негізінде қазақ әліпбиін тұңғыш құрастырушы»[1].
Өз кітабы туралым кемеңгер ұстаз «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітап…қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім»,- деуі ұлт перзетіне лайықты менің ұстанымыма айналды.
Қазақтың тұңғыш әліпбиі халық ауыз әдебиеті мен мәдениетінің озық үлгілерінен құрастырылған. Мұндағы кез келген шығармалар:
1. Отансүйгіштікке, еңбекке, имандылық сияқты ұлттық құндылықтарға тәрбиелейді;
2. Балаларды талаптылыққа, сабырлылыққа, мейірімділікке, рақымдылық және обал мен сауапты біліп-үйренуге баулиды;
3. Балаларды ерлікке, шешендікке, ел қамын ойлау, елдік мәселелер мен қорған болуға бейімдейді;
4. Шыншыл болуға, жомарттық жасауға, әдептілік пен қанағатшылдыққа білім нәріменен қанағаттандырады.
«Таза бұлақ» — Ыбырай Алтынсарин шығармашылығының шарықтау шегі [2] Жұмыс үстелімде отырып, осы әңгімені қанша рет оқыдым десеңізші? Әр оқыған сайын, өзгеше әлем қақпасына барам. Бірін ашсам, бірін аша алмаймын. Шағын ғана әңгімеде шаршы әлемнің жұмбағы, адамзат болмысының тұңғиығы түгел көрсетілген. Алла сипатын да, құран сөзін де, адам баласының өмір сүру салтын да оқуға болады. Автор бүкіл қуатын осы шығармасына сарқып арнағандай.
«Таза бұлақ» — Ыбырай арманындағы Қазақстан символы. Өркениетті мемлекеттер қатарына қосудағы арман-мұраты. Таза бұлақтың да бастауы елеусіз, көзге түспеген, көрші айбарлы мемлекеттердің арасындағы Абылай айтқандай «Білекке сенген заманда» бой көтерген мемлекет сияқты. «Бұлақ суын теңіз төрге сүйрейді» дегендей әлемге шарлаған — «Білім — бұлақ». Автор сөзімен айтсақ: «Бұлақ бір тастақ жерден шыққан, айналасы қалың біткен ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп, суы мұздай, салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сонша әдемі, таза бұлақ екен», — дейді. Бұлақ басындағы тасқа жазылған жазу да тегін емес. Кешегі тасқа жазылған «Күлтегін» мен «Тоныкөк» жырларының идеясымен үндес, сабақтас.
— Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол, — дейді. Автор ойы құранмен үндес. «Алла жер басып жүретін әрбір тіршілік иесін мәни судан жаратты»[3.] деген. Әңгіме мазмұны арқылы барлық жаратылыс атаулы суға тәуелді екенін меңзеп тұр.
Әңгімедегі үш жолаушы, бұлақтан тарамданған үш бағыт бойынша өз бағдарларын әңгіме арқауы етеді. Бұл бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміз үшін шығыспен шынайы, батыспен байыпты, таяу шығыспен түсіністік танытатын стратегиялық жоспарларының өзегі. Үш кейіпкер де тегін емес. Қазақтың үш кемеңгерінің жолы іспеттес.
Шоқан Уәлиханов сол дәуірдегі, 1861 жылғы реформа тұсы тұрғысынан үн қатса, Ыбырай Алтынсарин сол кезеңдегі реформаның толық жүзеге асуымен тұспа-тұс келіп тұр. Ал Абай сол қоғамдағы 1868 жылғы реформа тұсындағы өмірмен үндес.
Үш жолаушы бұлақ суынан ішіп қанған соң, әңгіме арқауына тастағы жазуды бағдарлама етеді. Мысалы Құранда «Оны жеп (құрма), ішіп (бұлақ суы) көз нұрын кіргізді»[4]—дейді. Сол сияқты үш жолаушының әңгіме арқауы да сол — су.
Әуелі саудагер жігіт: — Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең, ақырында, сен де зорайып мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін, — деді.
Ал молда: «… бұл бұлақ: кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, жанын рақаттандырады, сусағанның сусынын қандырады, оның үшін ешкімнен ақы дәметпейді; бұлай болса адамға да әбірет сол: біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек», — деді.
Ал үшінші кейіпкер: «… бұл бұлақтың суы бір орында тынып тұрып, шөп-шалам түсіп, лай-қоқым болса, бұған адам мен айуан мұнша ынтық болмас еді; бұлақ күні-түні тынбай ағып тазаланып тұрғаны үшін ынтық болады. Олай болса, жазудың мағынасы: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта, нешік бұлаққа қарасақ күн түссе күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көреміз, көңілің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ме деймін», — деді.
Үш кейіпкердің де пікірі бір-бірімен — үндес. Бірін-бірі толықтыра түседі. Тіпті құран сөзінде: «Егер олар дұрыс жол ұстанған болса, оларға мол су нәсіп етеміз». Үш кейіпкердің де жолы — тура жол.
Бүгінгі мемлекетіміз үшін маңызды идея. Үш сара жол, үш дара жол бүгінгі жастарымыздың — бағдаршамы. Осы бағытты ұстансақ, кешегі Абылай айтқан «Білімге сенген заманда…» ешкімге есе жібермесіміз анық.
Кез-келген елдің алдағы он бес жиырма жылдан кейінгі болашағын қазіргі білім жүйесі мен ғылымының жай-күйіне, отбасы мен тәрбиенің барысына қарап болжауға болады. Сөз жоқ, білім мен ғылым – болашаққа салынған инвестиция ғана емес, ел болашағын баянды ететін басты фактор. Осы орайда елімізде ұлттық мектеп моделі қандай болуы керек, ондағы отбасы рөлі, жалпы білім берудегі мақсат неден тұруы тиіс дегенде  Ыбырай қалап кеткен  ұлттық білім беру жүйесін өз деңгейінде ұрпақтар сабақтастығын жалғай отырып ұстаздар қауымы өз міндетімізді атқару керекпіз деген үлкен жауапкершілік алдымда тұрады.

ДҮЙСЕНБАЕВ БАЗАРБАЙ РЫСБАЙҰЛЫ
Жамбыл облысы,
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған
«Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.