Дала төсіндегі тынымсыз тірлік

0 277

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 768,5 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 46,8 мың (6,5 пайыз) гектарға артыпты. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, аудандардың барлығында егістік алқабы бірнеше есеге ұлғайған.

Мәселен биыл Қордай ауданында 8000 гектар алқапқа дәндік жүгері себіліп, өткен жылмен салыстырғанда 400 гектарға артық себілген. Бүгінде аталмыш егіс жұмыстары аяқталып, шаруалар енді жаз қамына қамданып жатыр.

Қордай ауданы Бетқайнар ауылдық округінде орналасқан «Нұр-Ал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көктемгі егіс дала жұмыстарын жүргізуде көш бастаған шаруашылықтардың бірі. Серіктестік диқандары қазіргі таңда дәнді дақыл егуді ойдағыдай аяқтап, агроқұрылымдар арасында бірінші болып «дала аруын» себуге кіріскен.

Қазіргі таңда мұнда дәндік жүгері 250 гектар жерге себіліп, оның 100 гектарына сүрлемге арналған арнайы жүгері егілген. Осы орайда көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге шаруашылық 20 тонна арзандатылған жанар май алғанын да айта кеткен артық болмас.

– Шыны керек жерге алғаш дән сепкенде көңілде мың күдік болады. Тілсіз жау өртің салдарынан немесе ауа райына байланысты бір пәсте бар еңбегің зая кетіп, шығынға батуың мүмкін. Бірақ, биылғы жылы тосын жағдайлар туындамай, бейнетіміздің зейнетін көретін шығармыз деген ойдамыз.

Егіншілікпен айналысқаныңда істің ірісі мен кішісі болмайды. Қолданған тәсілің мен атқарған әрбір әрекетің маңызды. Онымен қоса техниканың жарамды болуын да жіті қадағалаған жөн.

Жалпы облыс әкімдігі кейінгі жылдары шаруаларға барынша қолдау көрсетуде. Техникасын, тұқымын алып беріп, жауапты науқанды табысты аяқтауға жігер сыйлауда. Енді жаз айын ойдағыдай аяқтап, қамбабызды астыққа толтырамыз деген ойымыз бар,– дейді шаруашылық басшысы Дүйсехан Оңгелдиев.

Шаруашылық инновациялық агротехнологиялардан да кенде емес. Бүгінде «Нұр-Ал» 50 гектар жүгері алқабына тамшылатып суғару технологиясын қолданған.

Тиімді тәсілдердің арқасында мол өнімге қол жеткізуге болатынына көз жеткізген шаруашылық өкілдері қажетті мөлшерде органикалық және минералды тыңайтқыштарды қолданып, суару маусымы кезінде «дала аруына» тиісті күтім жасауды жоспарлап отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.