Асыраушы сала алға басып келеді

0 235

Т.Рысқұлов ауданынының ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өндірілген өнім көлемі 4,9 миллиард теңгені құрап, табыс өткен жылмен салыстырғанда 200 миллион теңгеге артыпты. Бұл туралы аудан әкімі Ерболат Садырқұлов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді. Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, биыл 146,6 мың гектар егістік жер толық игерілсе, оның ішінде басым бөлігіне, яғни 61,3 мың гектарына күздік бидай, 58,7 мың гектарына жаздық арпа себіліпті. Сондай-ақ 58 700 гектарға жаздық арпа, қалғанына жаздық бидай, мақсары, қант қызылшасы, жүгері, картоп секілді дақылдар егіліпті.

Дақыл өнімділігін молайту үшін 5 айда 1491 тонна селитра, 24 тонна аммафос алынса, қосымша 480 тонна селитра, 1125 тонна аммафос алуға сұраныс берілген екен.

Шаруалар бүгінде мүмкіндігінше жаңа техникаларды пайдалануға ден қойып отырса керек. Мәселен өткен жылы 22 егін орағы комбайнын қосқанда 143 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, машина-тракторлар паркі 14 пайызға жаңаланса, биыл ауыл шаруашылығы техникаларын 11 пайызға жаңалауды жоспарланыпты. Одан бөлек 19 жаңбырлатып суғару қондырғысы алынса, тағы да 15-іне өтінім берілген көрінеді.

Ауданда мал саны 104,5-тен 117 пайызға дейін артыпты. Ірі қараның саны 46 104-ке, қой-ешкі 606 786-ға, жылқы 25 444-ке, түйе 79-ға, құс 117 301-ге жеткен. Мал өнімдерін өндіру ісінде де өсім бар екен. Ет 4330,8 тонна немесе 100 пайызға, сүт 7967,7 тонна немесе 103,1 пайызға, жұмыртқа 1175,1 дана немесе 100,4 пайызға артық өндірілген.

– Ауданда төрт түлікті асылдандыру жұмыстарына да баса көңіл бөлінуде. Бүгінде 5 мүйізді ірі қара, 6 ұсақ мал, бір-бірден жылқы және шошқа өсірумен айналысатын асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. 2650 мүйізді ірі қараға арналған 12, 780 жылқыға 5, 3600 қойға 4, 30000 шошқаға арналған 1 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. «Дәулетбай» шаруа қожалығы 1000 мүйізді ірі қарамалын бордақылауға, мал сойып, етін сақтауға, тоңазытуға, мал терісін дайындауға арналған ауқымды кешеннің, ал «Жастар болашағы» шаруа қожалығы тауарлы сүт фермасының құрылысын аяқтады.

«Шалқар» шаруа қожалығы да 1500, «АлРай» шаруа қожалығы 1000, Абай ауылында «Керең» шаруа қожалығы 200 малға лайықталған сауын сиыр фермасын іске қосқалы отыр, – дейді аудан әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.