Цифрлық технология – заман талабы

0 428

Ағымдағы жылы облыста сандық технологияларды нарықтық стандарттарға сәйкес дамыту мақсатында цифрлық технологияларды дамыту басқармасы құрылды. Жаңа басқарманың құрылғанына көп болмаса да бірнеше айда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмаларына сай нақты жұмыстар жүргізілген.

Сала мамандарының табанды еңбегінің нәтижесінде бүгінгі таңда «TULPARCARD» электрондық билетендіру жүйесінің тиімділігі артты. Облыс орталығында өткен жылдың шілде айында «ҚҚТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қоғамдық көліктерге электрондық билетендіру жүйесін енгізілген болатын. Цифрлық технологияларды дамыту басқармасының басшысы Архат Қайратұлының сөзіне сүйенсек, бүгінде қаладағы жолаушылардың 97 пайызы қоғамдық көліктерде арнайы карта арқылы төлем жасайды екен. Бұдан бөлек аталған «ҚҚТ» ЖШС-і «Ақылды аялдама» жобасы шеңберінде Тараз қаласындағы бірнеше аялдамаға жарықдиодты ақпараттық таблоларды орнатыпты. Яғни енді жолаушылар таблолар арқылы қай автобустың қай жерде келе жатқанын біліп отырады.

Сонымен қатар енді «TULPARCARD» оқушылардың қауіпсіздігі үшін де пайдаланылады. Атап өтер болсақ, оқушы үйінен шығып, қоғамдық көлікке мінгенде және түскенде қолындағы картасын валидаторға басқанда ата-анасына хабарлама барады. Тіпті мінген автобустың нөмірі де көрсетіледі. Мектепке кіргенде және шыққанда оқушының ата-анасына хабарлама түседі. Осылайша ата-ана баласын толықтай бақылап отырады. Сондай-ақ мектеп асханасында да алған тамағына немесе сусынына төлемді «TULPARCARD» арқылы жасайды.

Басқарма басшысының айтуынша, осы секілді оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жаңа оқу жылына дейін Тараз қаласындағы 10 мектепке пилоттық режимде іске қосылады.

Басқарма тарапынан елді мекендерге жоғары жылдамдықты интернет тарту жұмыстарына да ерекше көңіл бөлініпті. Атап өтер болсақ, «Newtelecom» компаниясы өз инвестициялары есебінен өңірде талшықты-оптикалық және сымсыз байланыс желілерінің құрылысын жүргізуде. Бүгінге дейін 10 ауданда бұған дейін интернеті болмаған, он бес мыңнан астам тұрғыны бар 63-тен астам елді мекен интернетпен қамтылып, 2606 абонент қосылған.

 – Ағымдағы жылы аймақ басшысы Бердібек Машбекұлының төрағалығымен өткен жиында «Тараз қаласында жол ережелерін бұзуды фото-видео жазу «Сергек» жүйесін енгізу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша бастамашылық жасалды. Жобаны іске асыру кезеңі 2021-2026 жылдар аралығын қамтиды. Енді жарқын жоба шеңберінде 1250 жалпы бейнебақылау камералары және аппараттық-бағдарламалық кешеннің 48 камерасы қойылады, – дейді Архат Қайратұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.