Бұқаралық спортты дамытудың тетіктері сараланды

0 200

Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен бұқаралық спортты дамыту және халықаралық жарыстардағы жетістіктер сараланған келелі жиын өтті. Алғаш болып сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков спортта жамбылдық оғландар қол жеткізген толағай табыстарға тоқталды.

– Спортқа бөлінген қаржы алдағы жылдармен салыстырғанда 3 есеге өсті. 10 жылға жуық уақыттың ішінде 92 спорт алаңы бой көтеріп, қолданысқа берілді. Жан-жақты қолдаудың нәтижесінде жерлестеріміз көптеген додаларда топ жарып жүр. Айталық, биылғы Токио Олимпиадасында дзюдошы Елдос Сметов қолаға қол созып, мерейімізді тасытса, параспортшы Нұрдәулет Жұмағали да сол жетістікті қайталады. Бұдан бөлек, ұлттық спортымыз – көкпардан «Әулиеата» командасы жылда бас бәйгені ешкімге бермей келеді. Бұдан бөлек, қол күресі, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен де құра алақан қайтқан емеспіз, – деген Нұрбол Әбдімәжитұлы алдағы жоспарлармен де бөлісті.

Өз кезегінде «Талантты спортшылардың дені ауылда жүр. Сондықтан ең әуелі шалғай елдімекендердегі балалардың үлкен жарыстарға қатысуына жол ашуымыз керек. Ол үшін ең алдымен аудандардағы спорт мектептеріне баса назар аударылғаны жөн. Бізде 2004 жылғы Афина Олимпиадасынан кейін бірде-бір жаһандық доданы бағындырған спортшы шыққан жоқ. Демек бұл жергілікті спорттың дамуында кемшілік бар екенін көрсетеді. Сондықтан осы олқылықтарды түзетіп, бапкерлер мен спортшылардың біліктілігі мен деңгейін көтерген абзал. Сонымен қатар, шәкірттері жоғары жетістікке қол жеткізіп жүрген бапкерлерге қолдауды күшейту қажет. Өзге елдің намысын қорғап жүрген жамбылдық оғландарды да  жергілікті құрамаға қайтаруға күш салуымыз тиіс», – деген Бердібек Машбекұлы бұқаралық спортты дамытуға ұдайы мән беріп, салаға бөлінген қаржының дұрыс игерілуін, нәтиже бермейтін спорт түрлерімен тиімді жұмыс жүргізуді және аудандардағы спорт ордаларының жұмысын жандандыруды тапсырды.

Басқосу барысында сала ардагері, білікті бапкер Феликс Цой, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Саттар Бейсембаев, мақтаныштарымыз Ақжүрек Таңатаров, Бейбіт Ыстыбаев және дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев саланы дамытуға қатысты ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.