Батыр мұрасы – туған еліне

0 483

Ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін оның тілі, діні, тарихы мен мəдениетінің алатын орны ерекше. Тамырын тереңге жайған тарихымызға үңілетін болсақ, мəдениет пен өркениеттің пайда болып, дамыған ортасы, бастау бұлағы ол біздің ұлан байтақ жеріміз екенін көре аламыз.

Бұл ретте «Ұлы даланың 7 қыры» бағдарламалық мақаласы тарихы мен мəдениетін ұлағаттайтын əрбір қазақстандыққа бағдарланған үндеу іспеттес. Мақалада аталған Ұлы даланың жеті қыры тарих сахнасында ойып тұрып өз орнын алған бастамалар, жаңалықтар мен оқиғалар. Сақ пен ғұнның ізі қалған, Алтын адам табылған, Ұлы Жібек жолы қиып өткен, Түркі əлемінің бесігі болған ол – Қазақ жері.

Мақалада, әсіресе, ұлты үшін, елі үшін көзсіз ерлік жасаған, халықтың қорғаны болған батырлардың өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету үшін түрлі көркем туындылар мен фильмдер түсіру мәселесі ерекше көтерілген.

«Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек.

Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» – делінген мақалада.

Аталған бағытта жұмыстар жүргізу үшін еліміздің тарихшылары мен ғалымдары даңқты тұлғалардың өмірін зерттеп, оларға қатысты құнды құжаттарды жинақтауды бастап та кетті.

Соның бір дәлелі – күні кеше ғана Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин Ресей мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарих мұрағатында «құпия» белгісімен сақталған Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлына қатысты кейбір құжаттарды оның немере інісі Бекет Момынқұлға тапсырды.

Архивтік құжаттарды тапсыру рәсімі Қазақстан Қарулы Күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында өтті. Олардың ішінде партия билеті мен большевиктердің Бүкілодақтық Коммунистік партиясы мүшесінің есеп карточкасы, 1942 жылы жазылған ББКП мүшесінің тіркеу бланкісі, фотосуреттері және т. б. бар.

Алексей Бородавкин өз сөзінде биыл екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толғанын айрықша атап өтті. «Біз — одақтастармыз және доспыз. Бүгінгі қазақстандық достарымызға берілген мұрағаттық құжаттар осы қарым-қатынастың дәлелі», — деді Елші.

Ендігі кезекте Ресей тарапы Мәскеу және Подольск қаласындағы 11 мыңнан астам әскери құжаттар сақталған мұрағаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік беруге дайын. «Өте құпия» деген белгісі бар құжаттар Халық батыры Бауыржан Момышұлының өмірбаянындағы айтылмай қалған тарихи деректерді ғана емес, Ұлы Отан соғысының басында Мәскеу үшін болған ұрыста шайқасқан әйгілі Панфилов дивизиясының тарихи ерліктерін толтыруға көмектеседі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.