Бас бостандығынан айырылғандардың басты мәселелері талқыға түсті

0 346

Бүгінгі таңда пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін көмек көп. Атап айтқанда, әр сотталғанға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы дайындалып, оларға медициналық көмек көрсетіледі және еңбекпен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, жазасын өтеушілердің қоғамға сіңісіп кетуі үшін ерікті азаматтардың бастамасымен қолға алынған игі жұмыстар да жеткілікті.

Жуырда өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде өткен «Біз біргеміз» форумы аясында еріктілердің көмегімен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-психологиялық және құқықтық көмек көрсету мәселелері талқыланды.

Бұл басқосуға параплан спортының облыстық филиалының директоры Рауф Сабитов, «Мирекэл» қоғамдық бірлестігінің директоры Тамара Сабитова, сотталғандардың құқығын қорғау бірлестігінің өкілі Дмитрий Халидов, «Жаныңа сая» қоғамдық қорының өкілі Абылай Омаров және Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрамындағы «Сомониен» ассоцациясының өкілі Гулсара Тухтамышева сондай-ақ, «Мы люди — мы вместе» қоғамдық қорының директоры Иманғазы Досмұханбетов қатысты.

Форум барысында департамент бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары әділет полковнигі Қанат Жарылғапов сөз алып, өз ойын ортаға салды.

— Алдымен форумға қатысушыларға ризашылығымды білдіремін. Шақыртуымды қабыл алып, Ақтаудан арнайы келген Иманғазы Досмұханбетовке алғыс айтамын. Өз тәжірибелеріңізбен бөлісіп, түйткілді мәселелерде тұщымды ой айттыңыздар. Жалпы, бүгінгі қоғамда бостандыққа шыққан адамдардың басты мәселесі – жұмысқа орналасу. Жұмыс болса да, қоғамда оларға деген сенімсіздік бар екені жасырын емес. Яғни, жұмыс берушілердің көбі сотталғандарды жұмысқа алғысы келмейді. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, сотталғандардың қоғамға тез бейімделіп кетуінде еңбектің рөлі зор. Меніңше, ең алдымен осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруымыз қажет, — деді Қанат Шамарданұлы.

Жиында бұдан бөлек жазасы басып жаңылғандарды түзеу жолына түсірудің тиімді жолдары қарастырылып, олардың жаңа өмір бастап кетуіне барынша қолдау көрсету мәселелері сөз болды. Жиналғандар жергілікті биліктің көмегімен еріктілердің қаражаты есебінен жазасын өтеп шыққандарға әлеуметтік көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Олардың айтуынша, төрт қабырғаға қамалып, қоғамнан жырақта ұзақ өмір сүріп, бостандығынан айырылғандар қарапайым қарым-қатынас ережелерін ұмытып, жұмыс тауып, жаңа өмір бастап кетуі қиын. Сол себепті, бірігіп жұмыс істеп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандаруымыз қажет деді форум қатысушылары.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.