Балталайық тамыры бөлінгенше…

0 146

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекет үшін дамудың тежегішіне айналған қауіпті кесел. Оның тамырына балта шабу – кезек күттірмейтін мәселе. Тәуелсіздіктің 30 жылында жемқорлықты жоюға ерекше екпін берілді. Қоғам дертімен күресу үшін табандылық пен пәрменді шаралар ауадай қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Дерттің жаппай таралмау жолын жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына және орындауына көмектесудің алғышарттарының бірінен саналады. Ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы үшін жастарымыз сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт деп тануы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамда құқықтық сауаттылығына байланысты төмен немесе жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін күшейтеді. Бұл жерде жас ұрпақтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін күшейту маңызды. Жалпы, біздің елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жүзеге асырылып келеді. Келеңсіздік көріністерін жою мақсатында заңнамалық актілер қабылданды. Рұқсаттар мен мемлекеттік қызметтердің алынуын жеңілдету үшін электронды үкімет пен электронды сандық қолтаңба, «бір терезе» қағидаты енгізілді. 2014 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Оның негізгі міндеті мемлекеттік қызмет саласындағы басшылықты, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау, сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Сыбайлас жемқорлық- заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдердің бірі. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін бабаларымыз парақорлық пен жемқорлықты басты жауы санағаны тарихтан мәлім. Сол үшін де біздің қоғамда сыбайластық көріністеріне жол берілмеуі керек. Еліміздің әрбір азаматы жемқорлықпен күресті азаматтық борыш деп түсінген кезде ғана қауіпті құбылысты түп-тамырымен жоя аламыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс- әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік таныту- ымыз қажет. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың ұжымдардың өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себептері көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дәндеуіне септігін тигізуде. «Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние — байлық неге керек денсаулығың болмаса, Төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз сот саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің де бағдары іспеттес. Шынында да біз әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие бола аламыз. Елбасы Жолдауында «Заңды бұзған екенсің, оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың» дейтін нақты ереже бар. Ендеше сыбайластыққа бармай, ұрпағымызға адал мұра қалдыруды бүгіннен бастап ойлайық!

Куралай КЕНЖЕТАЕВА,

Жамбыл облысы бойынша қазынашылық департаментінің Шу аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.