Ауызашарға ауылға ата-анасымен барған: БҚО-да 6 жасар қыздың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр

0 290
Батыс Қазақстан облысы Деркөл ауылында ойнап жүрген алты жасар қыз күмәнді жағдайда мерт болды. Газ құбырын екі қолымен ұстаған Айяның неден көз жұмғаны көпшілікке жұмбақ күйінде қалып отыр. Алты жасар Айя Деркөл ауылына ата-анасымен ауызашарға келген,

Сот-медициналық сараптамасы баланы жоғары қуатты тоқ соққанын растаған. Бүлдіршін сол үйдің балаларымен бірге көршінің ауласында ойнап жүрген. Кішкентай қыз жерден шыққан газ құбырын қолымен ұстай алғанда, оны бір күш кері лақтырып жіберген. Алты жастағы Айя сол жерде қайтыс болды. Ал аулада орнатылған газ құбырлары «Казтрансгазаймақ» компаниясына тиесілі. Компания оқиға орнында тоқтың бар — жоғына тексеріс те жүргізіпті.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Дулат Борашев ауладағы құбырлар мен үйдегі газ құрылғыларын тексергенін айтады.

«Сондай-ақ, үйдің маңайындағы құбырларды да көрдік. Құбырлардың электр сымдарымен ұштасқандығы табылмады. Тұрғындардың айтуынша, оқиға болған күні электр желілерін таратушы компания жөндеу жұмыстарын жүргізген. Олар электр жөндеу жұмыстары кезінде тоқ газ құбырларына тарап кетуі мүмкін деп отыр. Ал электр таратушы компания сол күні жөндеу жұмыстарын жүргізбегендерін айтты»,- дейді ол.

«Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы» АҚ компаниясының өкілі Сергей Доля сол күні біздің компаниямен ауылда ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін жеткізді.

«Үйдің жанындағы барлық сымдарды тексердік, ештеңе анықталмады. Ал үйдің ішкі сымдарына тұтынушының өзі жауап береді», — дейді ол.

Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс ашылды. Қылмыстық кодекстің «қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау» бабы бойынша тергеу жүргізіледі.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.