Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес бір күнде 11 нысан зерделенді

0 199

Бүгінде аудандағы 148 әлеуметтік нысанның 79-ы табиғи газбен, 69-ы көмірмен жұмыс істейді. Көмірмен жылытылатын мекемелерге 57 млн 777 мың теңге қаражат қарастырылып, 2789 тонна қатты отын сатып алу жоспарланған. Бұл жұмыстар келесі айдың 15-не дейін аяқталуы керек.
Сонымен қатар әлеуметтік нысандарға жылу беретін 39 қазандықтың 22-сі «Жамбыл жылу» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің аудандық филиалына тиесілі.
Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың тапсырмасына сәйкес, ауданымызда жылыту жүйелері қандай деңгейде? Ауылдағы барлық мекемелердегі жылыту қазандықтарыныңжайы қалай? деген сауалға жауап іздеген аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторы Береке Нәсіпбекұлы мен аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Еркебұлан Көмекбаев аудандағы бірқатар әлеуметтік нысанды назарға алып, мекемелерге бас сұқты.

Алдымен Нұрлан Күдербайұлы Жаңаөткел ауылындағы Матросов атындағы білім ордасының, Тоғызтарау ауылында Т.Тоқтаров атындағы орта мектептің, жергілікті аммбулаториялық пунктінің, Өрнек ауылындағы денсаулық ошағының, кітапхананың, Ерназар ауылындағы білім ордасы, медициналық пункті және ауылдық Мәдениет үйі, Қаракемер ауылындағы Төле би орта мектебінің, жергілікті ауылдық клубтың, Құмтиын ауылындағы мектептің жылыту қазандықтарына зер салып, жылу таралатын бөлмедегі шаң-тозаң мен қазандықтың айналасын ретке келтіру керек екенін, манометрлерді ауыстыру қажеттігін, қазандықты ретке келтіру керектігі жөнінде сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Аталған кемшіліктер бойынша Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының аудандық білім бөлімінің құрылысшы-инженері Бақытжан Шабанбаев жуық күндері олқылықтар орны толтырылып, дәйекті дәлел ұсынылатынын алға тартты.
Зерделеу жұмыстары алдағы күндері де жалғасын табатын болады.

– «Қыс шанаңды жаз сайла», демекші, білім ордалары, ауылдық клубтар, кітапханалар мен бөбекжай-бақшаларды кестеде көрсетілген жылулық сақталуы қажет. Бүгін 11 нысанға зерделеу жүргізіліп, кемшіліктер назарға алынды, – деді Нұрлан Күдербайұлы нысандарды аралау барысында.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.