Ардагерлер мен жастар ой бәсекесіне түсті

0 179

«Жұмбақ жағдайдағы бәсекеден  ақылың артады. Ойын түрлерінен мәдениет  қалыптасады» – дейді даналар сөзі. Расында ой бәсекесі саналатын ойындар адамның ойлау қабілетін ғана дамытып қоймай, ұшқырлығы мен тапқырлығын арттырады.

Бұл айтылған нақыл сөз бір жағынан  шахмат  мәдениетін  дамытуға арналған десе де болады. Осы бағытта Тараз қалалық ардагерлер кеңесі  мен қала әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тарапынан ұйымдастырылған ардагерлер мен жастар арасындағы  «Шах және мат» турнирі жоғары деңгейде  өтті деуге болады. Аталған шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына  және халықаралық қарттар күніне арналды.

Айтулы сайысты Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің  төрағасы Еркімбек Солтыбаев  ашып, Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Ел ағалары адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген» деп атап көрсетуін ардагерлер  мен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру  қажеттілігіне саяп, өтіп отырған турнир соның жарқын бір көрінісі екендігіне тоқталды.

Сонымен қатар  қала әкімдігі  ішкі саясат  бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов те сайысқа қатысушыларға сәттілік тілей отырып, бүгінгі өткізгелі отырған жарыс игілікті істердің жалғасы бола беретіндігіне сенім білдірді.

Шахмат  сайысына 10 ардагер және 10 жас түлек қатысты. Әділқазылар алқасы  өте қызықты әрі тартымды да тағылымды өткен жарыста орындарды бөле –жармай , олардың барлығын да бірдей марапаттауды жөн көріп , бірауыздан дұрыс ұйғарым жасады.

Турнир соңынан облыстық ардагерлер кеңесі  төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев,  қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Абзал Есіркепов барлық қатысушыларға Алғыс Хат пен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.