Арбат – Рабат па, «арбалы ат» па?

0 679

Қазіргі таңда қазақ тіліне араб, парсы, моңғол жəне орыс тілдерінен көптеген сөз кірген. Мысалға алсақ, әдебиет, мектеп, дүкен, мереке, емтихан, ғылым, ғалым, пəн, медресе, мағлұмат секілді мыңдаған сөздер араб тілінен енсе, медет, әпсана, мейман (мехман), арзан сияқты сөздер парсы тілінен енгендер. Бұл айтып отырғанымыз бергі жағы ғана, бұлардан артық қаншама мыңдағын сөз латыннан, орыстардан да енді. Міне, осылайша тілдік қорымыз дами отырып, бұл сөздердің бәрін өзіне жұтып алды. Араб-парсы тілдерінен сөздердің енуі негізінде VІІІ–ХІ ғасырлардағы қазақ жеріне ислам дінінің кеңінен таралуымен байланысты болса, моңғол тілінен енген сөздер Қазақстанның Моңғол империясының құрамында болған кезде, яғни XII–XIII ғасырларда кірігіп кеткен. Орыс тілінен қазақ тіліне сөз ену де қазақтардың Ресей империясының құрамына кіруінен кейін XVIII ғасырдан басталғанын да айтуымыз керек.
Менің айтпақ болған ойымда жүрген сөз –
осы араб-парсы тілінен енген «рабат» сөзі туралы болмақ. Біздің оңтүстік өлкемізде осы «рабат» сөзі қосылып, жергілікті атауға айналып кеткен бірнеше ауыл-кенттердің атауы бар. Мысалға Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылы, Төле би ауданындағы «Сұлтанрабат», Қырғызстандағы Таш-Рабат, Өзбекстандағы Кошрабат, Рабат-Мәлік, Мырза-Рабат атты мекендердің тарихына зер салсақ, «бекініс», «бекет» деген мәнге ұйқасатыны көрініп тұр. Ал енді осындағы «рабат» деген сөз не мағына береді және оның «арбат» деген сөзге қатысы бар ма?
Алдымен «рабат» сөзінің мән-мағынасын толық ашып алайық. Негізінен «рабат» сөзі араб-парсы тілінен енген. Егер аудармасы мен мағынасын сөздіктерден қарайтын болсақ, орта ғасырларда «қала», «бекет» деген мағына береді. Көптеген тарихшы ғалымдарымыздың да айтары осыған саяды. Ал шын мәнінде, «Рабат» сөзінің бірнеше мағынасы бар және ол сол ортағасырлық термин емес, тіптен сонау біздің дәуірімізге дейінгі кезеңдерде де пайдаланылған сияқты. Себебі б.з.д IV-II ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының Сырдария жағасында тұрғызған Шірік-Рабат атты қаласы болғанын тарихтан білеміз. Осы қаланы 1946-1949 жылдары зерттеген археолог, ғалым С.П.Толстов сақтардың сол кезеңдегі кең бекіністі, биік дуалдармен қоршалған әскери бекіністі орталығы болғанын дәлелдеп шыққан еді. Осыған орай «рабат» сөзінің терең мағынасы да «күшейтілген бекініс», «әскери бекет» деген ұғымдарға келетіні айқын секілді. Осы күшейтілген бекініс-бекеттер кейін сауданың жандануына байланысты іргесі қаланған, өркениеті өскен ірі орталықтарға айналып шыға келді. Бірақ орта ғасырлардағы қалалардың барлығы өз іштерінен үшке бөлініп, Цитадель, Шахристан, Рабад деп аталды. Цитадельде ақсүйек хан-патшалар тұрса, Шахристанда орта тапқа жататын көпестер, байлар, саудагерлер тұрды. Ал Рабадта қаланың және халықтың ең төменгі күн көруші таптары тұрды. Мұны айтып отырғанымыз – «рабат» туралы толық мағлұмат алып, оның «арбатқа» еш қатысы жоқ екенін дәлелдеу.
Сонымен, «рабат» сөзінің мағынасын ашып алдық. Ендігі айтпақ ойымыз, қазіргі кездегі барлық қалаларда тарихи демалыс орындары мен халықтың серуендейтін саябағына айналған «Арбат» атты кең көшелердің салынуына қатысты еді. «Арбат» терминін жоғарыда айтып кеткен араб-парсының «рабат» деген сөзінен шықты деп көпшілік айтып жүр. Бұл – мүлде қате пікір. Біздің бабаларымыз түркілер де дамыған Орта Азиялық елдер сияқты ірі-ірі қалалар салып, оларды гүлдендіріп, мәдениет пен өркениеттің дамуына үлкен үлес қосқан. Жай ғана салып қойған жоқ, оны дамытты, мәдениеттің ірі ошағына айналдыра білді. Түркілер де әрбір жеңісінен кейін осы қалаларда өз жеңістерін тойлап, үлкен жиындар да жасаған. Міне, осы кезде түркілер қалалардың қақ ортасынан шерулі әскер өткізіп, өз жауынгерлері мен олардың ержүректілігін және әскери қуаттылығын көрсету арқылы халқының рухын көтеру үшін арнайы жасақтармен жүргізген болатын. Мергендер, яғни садақшылар бір бөлек, атты әскер бір бөлек, ханның арнайы жасағы бір бөлек өтетін болған. Ал осы шерудің ең алдында түмендердің қолбасшылары мінген арбалы аттар шеруі мақтанышпен жүретін болған. Бұл – біздің бабаларымыздың әлем өркениетінде өзіндік ең ірі қолтаңбасын қалдырған ұлы жеңістің ірі жемісін ел арасында үлкен дәрежеде атап өтетін ұлы тойы еді. Осы шеруді бастап шығатын қолбасшылар мінген «арбалы аттар» кейін түркілік қалаларда «арбатқа» айналып кетті. Себебі арбалы аттар шеруі өтуі үшін қала ішінде арнайы кең көшелер салынатын болған. Бұл «арбат» деген атау – бізге ислам діні келгеннен кейін мүлдем ұмытылып кетті десек те болады. Өйткені ислам діні мұндай ысырапшыл шығындарға тыйым салды. Бірақ «арбат» атауын біздің Еуропадағы түркілік бауырларымыз сақтап қалды. Бұлғарияның «Джагфар тарихы» атты орта ғасырдағы шежірелік деректерінде ол туралы айтылады. Онда қазіргі Болгарияның, Венгрияның (Мажарстан) арғы аталары болған Аттиланың ұрпағы саналатын Ахат Мосха 1088 жылы қазіргі Мәскеу қаласын тұрғызып, осы қалада өзінің ұлы жеңісін тойлау мақсатында арбалы аттар шеруін өткізіп, үлкен той жасайды. Кейіннен осы қала дамып, үлкен орталыққа айналған кезде Ахат Мосханың салған ізімен жүрген оның ұрпақтары осы атауды мәңгілік сақтап қалады және осындай шерулерді әрбір жеңістерінде өткізіп отырады. Мәскеудің өркендеп, дамығаны соншалық, Ұлы Рус мемлекетінің астанасына айналған кезде патшалар тарапынан әскери шеру өткізу үшін арнайы кең көшелер салынып, оларға «Арбат» атауын беріп отырды. Тарихқа шындықтың көзімен қарасақ, Мәскеу патшалығын билеп келген патшалардың барлығы да түркілік ақсүйектердің ұрпақтары еді. Сонау Ахат Мосхадан Шыңғысханға дейін оның ұрпақтары, Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін мұның ұрпақтары биледі. Ресейді Ресей еткен атақты Иван Грозный, Борис Годуновтар да Шыңғысханның ұрпақтары болатын. Олардың тақтан айырылып қалған уақыты І Петрдің келуімен аяқталған-ды. Міне, осы түркілік патшалардың барлығы да өздерінің ата-бабалары салып кеткен даңғыл жолдан аумай, «арбалы ат» терминін сақтап қалған еді. Сөйтіп, арбалы атымыз «арбатқа» айналып, Мәскеудің бір үлкен кең көшесі «Арбат» аталып, әлі күнге дейін тұр.
Сол атауымыз енді Еуропадан өзімізге славияндық таңсық сөз сияқты қайта оралды. Бұл – біздің түркілік сөзіміз. Ешқандай да «рабат» емес, «арбат» емес, кәдімгі арбалы аттан шыққан атау екенін бәріміз ұғынсақ екен. «Рабат» сөзінің мән-мағынасын жоғарыда айтып өттім. Кедей-кепшік, базарлар тұратын жерде қандай арбалы аттар өтетін кең алаң болуы мүмкін? Сондықтан Арбат көшесінің шығу төркінін қаланың Рабатымен шатастырмағанымыз абзал.
Ойымды қорыта келе айтарым, қазіргі қаламыздағы Арбат даңғылы басталатын жерге осы арбалы аттың тарихи ескерткіші қойылса. «Арбат» атауының қайдан шыққанын және оның біздің бабаларымыздың артында қалдырған мұралы сөзі екенін кез келген туриске мақтанышпен дәлелдеп айтуға таптырмайтын негіз болар еді. Ескерткіштің қасына толық ақпарат тақтайшасын орнатып, еліміз бен қаламызға келер қонақтарымызға нағыз туристік тарихи нысан ретінде көрсете алар едік. Және мұндай ұсыныс пен «арбат» сөзінің мағынасын ашар ескерткіш еліміздің ешбір жерінде жоқ екенін ескергеніміз де дұрыс.

Асылжан ДУЛАТИ,
Ш.Мұртаза атындағы руханият
және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.