Алма бақ – отбасылық бизнес

0 166

Елімізде сатылатын алманың 50 пайызы сырттан келеді. Ал, ішкі нарықты өз алмамызбен қамту үшін алма бақ көлемін арттыру қажет. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қазақстан көбірек алма өсіруге көшті.  Біріншіден, сұраныс артуда, екіншіден, осы саланың маңызды бөлігі – импорт, үшіншіден, мемлекет несие мөлшерлемелерін субсидиялау және өндіріс шығындарының бір бөлігін қайтару арқылы отандық өндірушілерге қолдау көрсетеді. Ол үшін алма өсіруді қолға алған шаруалар «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасына жүгіне алады.

Шу ауданы шаруалары да бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алды.  Бүгінде ауданда алма алқабы 90,5 гектарға жетіп отыр. Оның ішінде 3 гектары жүзім, 1 гектары алмұрт, 86,5 гектары алма бақтары.

– Алма бақтар – бұл отбасылық бизнес. Кәсіпкерлер бұл іске басқаша көзқараспен қарайды. Олардың кейбіреулері құйған инвестицияны тезірек еселеп алып, кейіннен сатылымға шығару үшін бақшаны дамытады. Ал енді бір кәсіпкер ондаған жылдардан кейін балаларының өзі бастаған жұмыстарын жалғастыратындығын біліп, бақшаға көп қаражат бөледі, – дейді «Зам Зам» шаруа қожалығының жетекшісі Мирислам Аллахверанов.

Бұл атаулы шаруа қожалығы Шу ауданында 2006 жылдан бері 10 гектар жерде алма бағын отырғызудан бастаған еді. Содан 2008 жылы тағы да 10 гектар жерге отырғызса, қазіргі таңда 40 гектарға жеткізіп отыр. Шарушылықтың бағында алма ағашының 36түрі бар . Одан бөлек қара өрік, шабдалы жемістерінің италиялық, франциялық сорттары болса, Меркі ауданындағы «Гүлдер» тәлімбағынан алынған «Столовка» «Голден Делишес» және «Ред Делишес» алма сорттары да  бар.

«Зам Зам» шаруа қожалығында күтіп баптау жұмыстарына ауыл тұрғындары арасынан көктемде 30 адам жұмыспен қамтылса, күзгі жиын терін жұмыстарына қосымша 70 адамға дейін жұмысшы күшін жұмылдырады екен. Жиналған өнім ауданның орталық базары мен дүкендерінде сатылса, бір бөлігі Алматы, Тараз және тапсырыс бойынша еліміздің тағы да басқа қалаларына жіберілуде.  Былтыр қожалық бақтарынан 500 тонна өнім жиналса, биыл да ауа райының қолайсыздығына қарамастан күтіп баптау жұмыстары жүргізілуде.

Кәсіпкердің айтуынша алманың базардағы бағасы 300-350 теңгеден екен, ал олар нарыққа 150 теңгеден шығаруда. Ал ауылдағы өз дүкендерінде 100 теңгеден бағаласа, көпбалалы отбасылар мен ауыл қарттарына жылына 10-15 тоннадай тегін таратылады екен. Шаруаның алма сақтау қоймасының сыймдылығы 50 тонналық.

Сонымен қатар 2010 жылдан бері бұл шаруа қожалығы 3 гектар жерге қосымша жүзім өсірумен айналысып келеді. Осы аумаққа 30 түрлі жүзім сорттары отырғызылып, әр гектарынан 15-18 тоннаға дейін өнім жиналуда.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.