АДАЛДЫҚ ЕЛШІЛЕРІ АРДЫҢ ІСІН АРҚАЛАЙДЫ

0 278

Естеріңізде болса сәуір айында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мен «Парасат жолы» республикалық орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаевпен бірге Жамбыл ауданында болып, «Сервистік әкімдіктің» және «Аса – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысына зер салып, тамырырын тереңге жайған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы іс-шаралар жоспарымен танысқан болатын. Сол кездесуде жобалық кеңсенің жетекшісі Жандар Тоқсаба бармақ басты әрекеттерді болдырмау мақсатында ауданға қарасты 17 ауылдық округтен адалдық елшілері құрылғанын айтып, олардың ашықтық пен әділдікті қалыптастыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарын мақтанышпен айтқан болатын.

Бүгінде адалдық елшілері тұрғындарды ауыл-аймақта қолға алынған игіліктер туралы сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуге, қайырлы амалдардың төбе көрсетуіне, келеңсіз оқиғалардың оңтайлы шешілуіне септігін тигізуде. Олар жұртшылықтың сауалдарын тиісті сала басшыларына уақытылы жеткізіп, мардымды жауап қайтарып, бағыт-бағдар беруде.
Осы орайда сәрсенбі күні аудан әкімі Сәкен Арубаев адалдық елшілерімен арнайы жүздесуді жөн көріп, әкімдіктің кіші мәжіліс залында өткен ашық сұхбат алаңына қатысты. Елшілердің негізгі жұмысына назар аударып, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.

– Аудан жастарының қоғамға пайдалы жұмыстармен айналысып жатқаны көңіл қуантады екен. Ізгіліктің жалауын көтерген адалдық елшілерінің жұмысы жауапкершілікті аса қажет етеді. Болашақ жастардың қолында дегеніміз осы. Жергілікті басылымнан, әлеуметтік желілерден елшілердің аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың талапқа сай орындалу барысын сондай-ақ, «Ішімдіксіз ауыл» жобасының жандануына үлес қосып жатқанын байқап жүрміз. Мұндай жұмыстарға алдағы уақытта жергілікті әкімдіктен қолдау көрсетілетін болады. Елшілердің арасынан белсенділік танытқан азаматтар лайық марапатқа ұсынылмақ, – деді Сәкен Қаланұлы.

Кездесуде елшілер қоғамға қажетті жұмыспен айналысу ардың ісі екенін айтып, арнайы қабылдау жасаған аудан басшына алғысын білдірді.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, «Аса – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандар Тоқсаба қатысып отырды.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.