ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

0 236

Бүгінде азаматтық қоғамды қалыптастырудың негізгі құрамдас бөлігі үкіметтік емес ұйымдар екені белгілі. Соңғы жылдары аудан тұрғындарының азаматтық және әлеуметтік-саяси белсенділігі артып келеді. Мұның өзі әлеуметтік маңызы бар шешімдерді қабылдау, оларды жергілікті атқарушы органдармен бірге жүзеге асыру жұмыстарына оң ықпалын тигізуде.
Жуырда аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де өткен басқосуда күн тәртібіндегі: «Жаңа-Ру», «Асан-Көмек» қоғамдық бірлестіктерінің 2020 жылы атқарған жұмыстары және басқа да өзекті мәселелер жан-жақты қаралып, бірлестік өкілдерінің өтініш-тілектеріне назар аударылды.

Сондай-ақ кеңес отырысында үкіметтік емес ұйымдардың атқарған жұмыстары туралы аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетовтың есебі тыңдалды.
– Жамбыл ауданы бойынша 27 қоғамдық бірлестік, 8 қоғамдық қор және 1 заңды тұлғалар бірлестігі тіркелген. Оның ішінде 2 бірлестік жұмысын тоқтатса, 3-еуі уақытша жабылған. Тағы 2 ұйымның жеке сәйкестендіру номері анықталмаған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2020 жылға жоспарланған 11 әлеуметтік жобалар әлемді шарпыған індетке байланысты қаражаты кері қайтарылып, тек 50 млн 833 мың теңгеге 6 жоба жүзеге асқан.

Сонымен қатар «Ar-Rashid Ruhaniyat» қоғамдық бірлестігі ауылдық мешіттің жер төлесінен осал топтағы отбасыларына арналған әлеуметтік дүкен ашты. Жастардан құралған ұйым 2017 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балаларға ойыншықтар мен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер топтамасынын үлестіріп келеді. «Аса аялы алақаны» қоғамдық қайырымдылық қоры өткен жылдың сәуір айында «Қайырымдылық жүрек – жомарт қол» атты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қайырымдылық акциясын өткізді Акция барысында аудандық орталық аурухананың балалар бөліміне 3 көпсалалы арба, 1 тірек-қимыл аппараты, 1 көпсалалы жетек арба мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы сыйлықтар табысталған. «Әкелер одағы» қоғамдық қоры тамыз айында Аса, Қаракемер және Құмтиын ауылдарындағы тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға 100 қап картоп таратса, «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер орталығы» жастар қоғамдық бірлестігі пандемияға байланысты 17000 маска тігіп, тұрғындарға тегін үлестірген. Ал ағымдығы жылы 45 млн 882 мың теңгеге 10 лот жоспарланып, бүгінде жеңімпаздар анықталып, өз істерін бастап кетті, – дейді Мадияр Әбілханұлы.

Жиынды қорытындылаған Олжас Елебекұлы азаматтық қоғам өкілдері тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлерді назарға алып, тың жобалар мен идеяларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
«Шұғыла».

Leave A Reply

Your email address will not be published.