Рамазан қарсаңындағы қырғын: Ақтөбедегі терактіден кейін 5 жыл өтті

0 350

Осыдан бес жыл бұрын, 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде теракт жасалды. Рамазан айының қарсаңында орын алған қанды қақтығыс бүкіл қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Жиырмадан астам адамның өмірін қиған оқиға жайлы Stan.kz тілшісі еске түсірді.

2016 жылы маусымда орын алған теракт нәтижесінде 26 адам, оның ішінде төрт тұрғын, үш әскери және 18 экстремист көз жұмды. 38 адамға медициналық көмек көрсетілді, оның 20-сы ауруханада емделген.

Оқиға қалай болды

Ресми мәліметтерге сүйенсек, ең алғаш атыс сағат 5 маусымда 14:28-де басталған. Қаскөйлер Ақтөбедегі «Паллада» қару-жарақ дүкеніне басып кіріп, сатушыны атып өлтірген. Марқұм көз жұмбас бұрын дабыл қаққышты басып үлгеріпті. Шақыртуды естіп, келіп жеткен күзет бөлімінің екі қызметкері де оққа ұшады, оның бірі сол мезетте қаза болған. Содан кейін оқиға орнына үш адамдық полиция жасағы келеді, алайда оларға дүкендегі қаруды иеленген 14 содыр қарсы оқ атады. Теракт ұйымдастырушылар дүкеннен жалпы 17 қару, 4 тапанша, оқ дәрілер мен пышақтар алып кеткен. Содан кейін олар көшеде 69 жастағы ер азаматтың көлігін тартып алып, өзін атып тастайды.

«Көшеден қолында қаруы бар жігіттің жүгіріп жүргенін байқадым. Оның үстінде қарапайым трико, спорттық күртеше, қара кроссовки мен қара футболкасы болды. Қарапайым тұрғын. Бірақ айналасына оқ жаудырып, «Аллах акбар, бері кел, мент» деп айқайлағанын естідім», — оқиғаның куәгері. 

Бұдан кейін экстремистік топ екіге бөлініп, алтауы «Пантера» қару-жарақ дүкеніне аттанады. Мұнда олар бір адамды өлтіріп, тағы біреуін жаралайды. Кейіннен дүкенге полицейлер келеді, үш қылмыскер көз жұмып, біреуі қолға түседі. Тағы екеуі қаланың сыртына қашып кетеді. Көп ұзамай олардың да көзі жойылады.

«Айқай-шуды естіп, дүкендегілер жанжалдасып қалды екен деп ойладым. Шығып қалсам, орта бойлы ер азамат қару ұстап тұр. «Кімсің, не қажет?» деп сұрағанымда, «оқ» керек деді. «Қандай оқ?» деп айтып едім, жауап бере алмай қалды. Өзі не керек екенін білмейді, қалтасынан оқтарды шығарып көрсете бастады. Осы тұста артынан басқасы шығып, маған пышақ сұғып алайын деді. Дер кезінде бұрылып үлгердім. Енді сөйлей бергенімде, пышағы аузыма келіп тиді. Содан кейін атып жіберді. Біреуі аяғыма, екіншісі жүрек тұсыма тиді. Абырой болғанда, оқтар резеңке еді. Құлап түстім. Мені өліп қалды деп ойлады», — дейді «Пантера» қару-жарақ дүкенінің сатушысы Алмат. 

Сөзінше, осы кезде дүкенге полицейлер келіп, атыса басталды. Артқы есікпен шыққан ол сол маңдағы үйдің подъезіне кіріп көмек сұраған. Жедел жәрдем бір жарым сағаттан кейін келіп, Алматты ауруханаға алып кеткен.

Екінші топ маршруттық автобустағы жолаушыларды түсіріп тастап, жүргізушіні №6655 Ұлттық гвардия әскери бөліміне алып баруды талап етеді. Автобус әскери бөлімнің қақпасын бұзып, ішке кіреді. Бөлімде болған атыс салдарынан үш әскери қаза тауып, тағы алтауы жарақат алады. Қылмыскерлердің бірі көз жұмып, тағы біреуі жараланады.

«17 адамнан тұратын екінші топ дүкеннен иемденген қаруларымен автобусты басып алып, әскери бөлімге шабуыл жасады. Үш адам қаза болып, тағы бірнешеуі жарақат алуының басты себебі — олардың тек сүңгі-пышақтары болған. Барлығының дерлік қаруы болмаған. Қылмыскерлер бөлімге басып кіріп, оқ жаудыра бастағанда, өткізу бекетіндегілер бірінші кезекте оққа ұшқан. Содырлардың мақсаты әскери бөлімдегі қаруды иемдену болған. Қару тұратын бөлмені күзеткен әскери қызметкерлер шабуылдаушыларға қарсылық көрсеткен. Полицейлер келген соң қылмыскерлер  гараждар арқылы қаша бастады. Олардың бір тобына тосқауыл қойылғанымен, тағы бір жартысы сытылып кетті», — сол кездегі ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов.

Қанды оқиғадан кейін Ақтөбе облысында террористерге қарсы режим енгізіледі. Қылмыскерлерді қолға түсіру шараларының барысында бес экстремисттің көзі жойылып, тағы екеуі тұтқындалады.

12 маусымда атыс шығарған 7 адам мен олардың 8 жақтасы ұсталды.

теракт

Терактіге не түрткі болды 

Тұтқындалған радикалдардың айтуынша, ең алғаш олар 45 адам болып 5 маусымда жалдамалы үйде жиналған. Оларға Сирия азаматы хабарласып, «қасиетті жиһад» ұйымдастыруды тапсырған. Мұны естіген 19 адам бірден бас тартса, тағы төртеуі қару-жарақ дүкеніне бара жолда бұл ойларынан айныпты.

Содырлар туралы жалдамалы пәтердің иесі сөз қозғады.

«Үйді бір күнге жалдады. Ертесі ақшасын алуға келдім. Түрі тартымды жігіт шықты. Негізі үйдің ішіне кіріп көргім келген. Бірақ әлгі жігіт: «Тәте үйге кірмей-ақ қойыңызшы, қызым бар еді, ұялып жатыр деп айтты». Негізі өз басым үнемі тексеріп жүремін. Өйткені бір-екі адам деп алып, 15-і жиылып сауық-сайран құрып, ішімдік ішетіндері де табылады. Бірақ шыққан бала күдік туғызбаған соң, сөзіне сеніп қалдым. Сақалдылардың үй жалдауына келіспейтінімін. Бірақ мұнда террористер жиылады деп ойламаппын», — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны. 

Тергеушілер әскери бөлім террористердің негізгі мақсаты болмағанын анықтапты. Ол жақта қаруланып алуды жоспарлаған қылмыскерлер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі ғимаратына, одан кейін түзету мекемелері мен мемлекеттік органдарға шабуылдауды көздеген.

терактТерактінің нәтижесі

Арнайы іздестіру шаралары кезінде Ақтөбеде қоғамдық көліктер тоқтатылып, ойын-сауық орындарының жұмысына шектеу қойылды. Бұған қоса, қаланың кейбір жерлерінде интернет бұғатталды. Өңірде террористік қауіптің қызыл деңгейі, республика аумағында сары деңгейі енгізіліп, 2017 жылдың 15 қаңтарына дейін созылды.

Содырларды қолға түсіру шаралары бір аптаға созылды. Қашып кеткендер мен терактіге қатысы барлар туралы соңғы ақпарат 12 маусымда белгілі болды.

9 маусым Қазақстанда ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Еліміздің тұңғыш президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жасап, терактіні шетелден бағыт-бағдар алған діни-экстремистік топ ұйымдастырды деп мәлімдеді.

«Бұл дәстүрлі емес салафизм діни ағымын ұстанушылар тобының лаңкестік шабуылы. Республикада діни сенім бостандығын қамтамасыз етілген, десек те енді біз дін атын жамылып, елдін тыныштығын бұзғандарға тойтарыс беретін боламыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында.

теракт

Радикалдардың жетеуі бұрын сотталған болып шықты. Оның бірі 2011 жылы Ақтөбедегі жарылысқа қатысы бар екеніні белгілі болды.

Жалпы 29 адамның үстінен іс қозғалды: жетеуі теракт жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылса, 18-ін бұл туралы хабар бермегені үшін, тағы екеуін қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп табылды.

Сонымен қатар, «Паллада» дүкенінің директоры қару-жарақтар дұрыс бекітілмегені үшін бір жылға сотталды. Екі офицер қызмет барысында қорқақтық танытып, жасырынып қалды деп айыпталап, 3,5 және 4,5 жылға түрмеге жабылды.

теракт

Терактіден кейін не өзгерді

Ақтөбедегі қайғылы жағдайдан кейін Қазақстанда сыртқы және ішкі көші-қон үрдісі қатаң бақылауға алынды. Ұлттық экономика министрлігі, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қайта жасақталып, ішкі істер министрлігінде миграция қызметі комитеті құрылды.

«Теракт — жеке адамға, қоғамға және мемлекетке қарсы бағытталған зорлық-зомбылық әрекеті. Терактінің қылмыстан басты айырмашылығы — оның наразылыққа негізделуі. Бұл — билікке бағытталған шабуыл, оларға қарсы күш көрсетудің көрінісі. Шабуыл жасаған адамдар, бәлкім, алысқа бармайтындарын түсінген шығар. Бірақ олар ақпараттық мақсаттарына қол жеткізе алды», — дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев. 

2017 жылдан бастап қазақстандықтар тұрып жатқан қаласында уақытша тіркелуге міндеттелді. Тіркелмеген жағдайда азаматтарға 10 АЕК (2021 жылы 29170 теңге) көлемінде айыппұл тағайындалатын болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.