Биыл Алакөлге турист ағыла ма?
Әлемдегі көптеген елдердің экономикасына негізгі тірек болып отырған туризм саласы дүниежүзін індет жайлаған былтырдан бергі кезеңде де өзінің даму қарқынын жоғалтқан жоқ. Өркендеуі жағынан басқа салаларға дес бермей келе жатқан саланың қанат жаюына біздің ел де аса мүдделі. Соның ішінде Жетісу жерінің туризмді дамытуға қатысты мүмкіндігі аса зор.
Өңірдегі өркенді аймақтардың бірі – Алакөл ауданының осы берері мол саланы қалыптастыруға және дамытуға географиялық орналасуы да, табиғаты да сай келеді. Асқар таулары айдын көлдермен астасып, құмды даласы орман-тоғаймен ұштасқан, асау өзендер өрнектеген өлкеде соңғы жылдары туризм саласы да қарқын ала бастады.
Көркі көз тартар аймақ – жанға жайлы, демалысқа таптырмас жер. Соңғы жылдары ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде туристік нысандар саны 2015 жылмен салыстырғанда 2,5 есе өскен. Өткен жылы 15 туристік нысан қолданысқа беріліпті. Әлемді алаңдатқан індеттің салдары жоспарға кедергі келтіргенімен, жаз айларында демалуға келгендер саны азая қоймаған. Алакөлдің туристік әлеуетін көтеру үшін мемлекет тарапынан, облыстық әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны да өзінің оң әсерін тигізгені анық.
Басқаны айтпағанда, осындағы Ақши ауылы аумағында 264 демалыс аймағы бар. Былтыр көл жағалауына 798 мың 462 адам келген. Оларға 4 млрд 790 млн теңгенің қызметі көрсетіліпті. Биыл Алакөлге жазғы шомылу маусымында 878 мың 325 демалушыға 5 млрд 269 млн теңгенің қызметі көрсетіледі деп жоспарланыпты. Бәрі ойдағыдай болса, туристер саны миллионға жетіп жығылары анық.
Өткен жылы көл жағалауы тазалығын қамтамасыз ету үшін Ақши ауылында ШЖҚ «Алакөл Тазалық» МКК бөлімшесі құрылып, 7 дана техника мен 145 дана қоқыс жинайтын контейнер сатып алынған. 4 гектар жерге демалыс саябағының құрылысы жүргізіліп, 2,7 гектарға аллея салынған. Көл жағалауында 10 жерге қоғамдық дәретхана орнатылып, қоқыс алаңдары жасалған. Биыл жер комиссиясы белгілеген 5 жердегі шомылу алаңына 700 дана шезлонг пен 280 дана шатыр сатып алынды. Ақши ауылында облыстық бюджет қаражатынан дәрігерлік амбулатория салынды. Елді мекенде учаскелік полиция пункті жұмыс істейді. Демалушылардың қауіпсіздігін қадағалау мақсатында Алматы облысы ТЖД өңірлік құтқару қызметінің жасағы құрылған.
Туризм саласын жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелердің бірі болып саналатын жол мәселесі де біртіндеп шешілуде. Талдықорған–Өскемен бағыты бойынша ұзындығы 763 шақырым және Үшарал–Достық жобасы бойынша 184 шақырым жолда жөндеу жұмысы аяқталып қалды. Сонымен бірге туристердің көлге ұшақпен және пойызбен жетуін қамтамасыз етуде үлкен істер атқарылуда. Қазір «Үшарал» жаңа әуежайы арқылы аптасына төрт рет Нұр-Сұлтан – Үшарал – Нұр-Сұлтан (билет бағасы – 17 700 теңге), күн сайын Алматы – Үшарал – Алматы (билет бағасы – 15 мың теңге), Талдықорған – Үшарал – Талдықорған (билет бағасы – 8 мың теңге) әуе рейстері жұмыс істейді. Аталған рейстерді субсидиялауға республикалық және жергілікті бюджеттен 431,2 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, теміржол бағыттары да іске қосылған. Алматы – Жетіген – Достық аптасына үш рет, Нұр-Сұлтан – Нұрлы Жол – Достық аптасына екі рет, Нұр-Сұлтан – Достық аптасына төрт рет, Алматы – Достық пойыздары аптасына төрт рет қатынайды. Ал автобустар саны сұранысқа сай өзгеріп отырады.