Вегетациялық кезең тұрақты өтті — Экология министрі

0 42
Үкімет отырысында вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндадым.
Қазіргі таңда Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су қоймаларында 26,2 млрд текше метр су жиналды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 500 млн текше метрге артық.
Болжамдарды ескере отырып, биылғы вегетация кезеңіне арналған оңтүстік өңірлердің су пайдалану лимиттері бекітілді. Қызылорда облысына – 3,2 млрд текше метр, Алматы облысына – 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысына – 1,8 млрд текше метр су қарастырылған. Жамбыл облысы үшін су пайдалану лимиті 900 млн текше метр болса, Түркістан облысына 3,8 млрд текше метр белгіленді.
Вегетация кезеңі басталғанға дейін барлық дайындық жұмыстары толық аяқталды. 1840 шақырым ирригациялық канал механикалық әдіспен тазартылып, 680 шақырым суару желісі реконструкцияланды және 375 гидротехникалық нысан жөнделді.
Сонымен қатар каналдар арқылы судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» РМК филиалдары 181 насос агрегатын дайындады. Бұған қоса тағы 92 насос сатып алу жоспарланып отыр. Бұл жабдықтар суару каналдарының ең күрделі учаскелерінде қолданылады.
Жыл басынан бері шаруалармен су беру жөніндегі келісімшарттарды электронды форматта жасау жүйесі енгізіліп жатыр. Жаңа ақпараттық жүйе өтініш беруден бастап келісімшарт жасауға, нақты су тұтыну көлемін есептеуге және төлем жүргізуге дейінгі су қамтамасыз ету процесінің толық циклін қамтиды. Қазіргі уақытта шаруалармен 25 мыңнан астам электронды келісімшарт жасалды.
Су ресурстарын басқаруда ашықтықты арттыру және жедел бақылауды күшейту мақсатында Жерді қашықтан зондтау негізіндегі ғарыштық мониторинг жүйесі енгізілуде. Бұл жүйемен еліміздің бес оңтүстік облысы толық қамтылған. Жыл басынан бері Түркістан облысында ғарыштық мониторинг нәтижесінде келісімшартсыз су алудың 39 фактісі анықталды. Нәтижесінде шаруалардың шамамен 790 мың текше метр суды заңсыз пайдаланғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта келтірілген шығынды өндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратурамен бірлесіп бекітілген судың «қара нарығын» жою жөніндегі жол картасы аясында 2026 жылдың басынан бері бассейндік инспекциялар заңсыз су алғаны үшін жалпы сомасы 41 млн теңгеге 99 әкімшілік айыппұл салды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.