«Алтын ордадағы» көпірдің құрылысы қашан бітеді? Министр Атамқұлов Nege.kz сауалына жауап берді

0 325

«Алтын орда» базарындағы жол құрылысы қашан аяқталады? Бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстар атқарылды? Nege.kz сайтының тілшісі жолдаған сауалға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді. 

Атамқұловтың айтуынша, жол құрылысы биылғы жылдың соңына таман бітуі тиіс.

– «Алтын орда» базарына келер болсақ, біз биылғы жылы барлық жұмыстарды аяқтаймыз деп атап өтер едім. Яғни мердігер компания жұмыстарды аяқтайды. Жалпы жұмыстар бітіп қалды. Үш жаяу жүргіншілер жолы жасалды. Жолақтар кеңейтіліп жатыр. Қазір тағы екі жолақ қостық. Тек қана эстакаданың жұмысы қалды», – деп деді Б.Атамқұлов.

Естеріңізде болса, биылғы жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Ордадағы» жол айрығының салыну барысын сынға алып, биыл бітіруді тапсырған болатын.

– Бұл – қала іргесіндегі елді-мекен тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. Алматы – Бішкек тасжолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуі тиіс болған. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ.

Асқар Ұзақбайұлы, Алматы және Алматы облысының әкімдерімен бірлесе отырып, Райымбек – Алматы учаскесінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, – деген еді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Министр жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компанияның ауысып кеткенін мәлімдеді. Мердігерді ауыстыруға Президенттің сыны себеп болған.

– Ол жерге жаңа мердігерді қойдық. Көктемге мемлекет басшысының тарапынан сыни пікірлер айтылған болатын. 2017 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігермен біздің Ұлттық компания барлық келісімшарттардың күшін жойды. Қазір басқа жаңа компания жұмыс істеп жатыр. Жоспарымыз бойынша жылдың аяғына дейін жұмыстарды аяқтаймыз. Бұл жұмыс шамамен қазан айында бітеді деп топшылап отырмыз, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов.

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.