Олқылығы көп онлайн оқу
Пандемия кезінде білім саласы үлкен сынақтан өтті. Соған қарамастан педагогтер мен оқушылар бір тоқсан мен бір жылды ойдағыдай өткізді. Әрине, олқы тұстар бар. Мұғалімдер сыныптағы білім сапасының 10-20%-ға түскенін жасырмайды.
Білім сапасы төмендеді
2020-2021 оқу жылының бірінші тоқсанында 2,5 млн оқушы қашықтан оқыса, төртінші тоқсанда соның 1,3 миллионы үйде білім алды. Аралас форматта өткен төртінші тоқсанда 1,7 млн оқушы оқыды. Елімізде 7 мың мектеп бар десек, сондағы 3,4 млн оқушыға 540 мыңнан астам педагог білім берді.
Осы тұста мұғалімдер армиясының табанды еңбегін жоққа шығаруға болмас. Олар бұрын-соңды атын ғана естіген онлайн білім беру айдынына күмп берді, тайсалған жоқ. Кәрі-жасы бірге бірталай платформаның шаңын қағып, жүйелі құрылмағандарын бірден жағаға шығарып тастады. Бірнеше мұғаліммен әңгімелескенімізде, олар дүйсенбі-жұма аралығында сабақ беріп, сенбі-жексенбі күндері онлайн курсқа қатысып, видеосабақ жасауды, платформамен жұмыс істеуді үйренген. Мысалы, педагог-шебер Мира Барсакатқызы онлайн оқытудың алғашқы кезеңін былай суреттеді.
«Көп жылғы тәжірибем қашықтан оқытуға келгенде тұйыққа тірелгендей болғаны рас. Көктемгі қашықтан оқуда қиналғаным соншалықты жазғы демалыста күн-түн демей қашықтан оқытудың әртүрлі платформаларын YouТube арқылы жедел үйрене бастадым. Әрі өзіме тиімдісін таңдадым, ZOOM бағдарламасы бойынша бірнеше сабақ әзірледім. Бірақ сабақ беретін сыныптарымдағы оқушылардың әлеуметтік жағдайы, смартфондары бұл бағдарламаны көтермеді. Google өнімдері ішінде Meet – Google онлайн сабақ беруге аса қолайлы болды. Әншейінде телефоны қолынан түспейтін оқушылардың хабарлама алу, хабарлама жазу дағдылары жоқ екенін де байқадық. Бәрін жаңадан үйренуге тура келгендері де бар. Бірақ игердік. Қашықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін әр оқытушы оқытудың жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен іс жүргізу ісін орындау шарт еді. Сондықтан оқушылар да, мұғалімдер де әртүрлі оқыту платформаларында өз бетінше жұмыстың техникасы мен әдістемесін, жоғары деңгейдегі білімді өз бетімен толықтыруды көздеді», – дейді ол.
Иә, мұғалімдер Google Forms, Online Mektep, Trello, Google Meet, Zoom, Canvas-ты жеке-жеке қолданып, зерттеп көрген. Мысалы, Zoom бағдарламасы оларға халықаралық конференцияға қатысуға мүмкіндік сыйлаған. Алайда оқушылардың арасында Microsoft Word бағдарламасын қолдана алмайтындар жиі кездескен. Осылайша, ұстаздар оқушылардың смартфонмен тек ойын ойнамай, білім алуға болатынын түсінгеніне қуанышты.
Еліміздегі онлайн оқыту кезеңі интернетпен қамтудың, жаңа технологияларды меңгерудің маңызды екенін көрсетті. Интернетпен қамтылмаған аудандар поштамен хат алмасып, Balapan-мен бірге сабақ оқығанын жақсы білеміз. Ал биыл ұстаздар барынша төселіп қалғанын көрсетіп, өзара «егер кез келген ұстаздың онлайн педагог екенін танығыңыз келсе, YouТube каналын ашып көріңіз» дейтін дәрежеге жеткенін білдік. Соған қарамастан педагогтер оқушылар арасында білім сапасы түсіп, «Алтын белгісін» ақтай алмай жатқандар барын айтты.
Бағдарлама бір, оқулық әртүрлі
Педагог-зерттеуші Ақмарал Шатемірқызы аталған оқу жылында оқушылардың шынайы үлгерімін білу қиын екеніне тоқталды. Өйткені біріне ата-анасы көмектессе, ендігісі интернеттен қарап, оқулық ақтарғаны тағы бар. Оның үстіне мұғалімдер БЖБ, ТЖБ жаттығуларын жеңілдетіп берген.
«Онлайн оқыту кезінде мұғалімдерге біраз салмақ түсті. Арасында денсаулығы нашарлағандары бар. Өйткені күні-түні экранның алдында отырып сабақ беру қиын. Оған қоса, дене қимылы болмағандықтан, омыртқа қисайып, ішкі ағза қызметі нашарлауы мүмкін. Сондықтан мұғалімдерге қай жағынан болмасын барынша қолдау көрсетуін сұраймын. Одан кейінгі ұсынысым, мектеп қабырғасына оралып жатсақ, БЖБ мен ТЖБ алар кезде Google Forms-ты немесе Online Mektep-ті қолдансақ. Бұл бағдарламалар бөлім бойынша және тоқсандық бойынша жиынтық бағалауды алу кезінде озық екенін көрсетті. Мысалы, Classroom Online Mektep-тей бола алған жоқ. Егер ұсынысым қабылданса, қағазбастылық жайы біраз реттелер еді», – дейді педагог-зерттеуші.
Оған қоса, ұстаздардың білім сайыстары турасындағы ойын да сұрадық. Олар білім бәйгелері де онлайн форматқа көшкесін әділдік орнағанын айтады.
Пәндік олимпиадалар, ғылыми жұмыстар байқауы аудандық, қалалық, республикалық деңгейде қашықтан ұйымдастырылып, бұрын-соңды болмаған академиялық адалдықпен өткен. Бұл – жетістік. Бірақ саладағы шешімін таппаған тұстарға тоқталмасқа болмас. Ал мұны мұғалімнен артық кім білсін?!
«Бағдарлама бір болғанымен, оқулықтың әртүрлі жазылғаны қинады.Түрлі бұйрықтардың түпнұсқасы түсініксіз, калька тәсілімен жазылуы – оқу процесіндегі үдерісті тежеді. Әдіскерлер бір жасаған жұмысын бірнеше нұсқада қайта жасап, оқу процесін бақылауды қолдан шығарып алды, бақылаусыз қалған оқу процесі сапаны түсірді. Қашықтан оқу үшін білім басқармалары түрлі-түрлі платформа таңдап, ол да білім сапасына тікелей әсер етті», – дейді Мира Барсакатқызы. Кейбіріне ақша молынан аударылғанымен, оқушы үшін тиімсіз болып қала берді. Мұғалімдердің қашықтан оқыту тәжірибесі болмаған соң біліктілікті жетілдіру орталықтарынан көмек күтті. Бірақ «Өрлеу» біліктілік көтеру орталығы, ПШО (Педагогикалық шеберлік орталықтары) ұйымдары тек семинар ұйымдастырумен ғана шектеліп қалды. «Мұғалімдер АКТ құралдарын тиімді пайдалануды өздігінен жанталаса үйренді. Ең қиыны, Білім министрлігінен, Алтынсарин атындағы Білім академиясы жасаған каникул күндерінің және мереке күндерінің республика бойынша ұзақтығы соншалық бағдарламалар 102 сағаттың орнына 97, 68 сағаттық тақырыптар 64 сағат қана орындалды. Бұл әр бала кем дегенде 4-5 тақырыпты меңгермеді немесе тақырыптарды қосып өтіп, шала меңгерді деген сөз», – дейді ұстаз.
Осылайша, мұғалімдер бірқатар мәселенің басын ашып берді. Расымен, оқулық турасында шағым айтқандардың қатары көбейді. Білім саласындағы бұйрықтар мен әдіскерлер жасаған еңбектің де бірнеше рет өзгергені даусыз. Ал мұның бәрі білім беру үдерісін кешеуілдеткені айқын білінеді. Жоғарыда педагог-шебер қозғаған каникул уақыты жайлы бұрын-соңды мәселе көтерілмеген екен. Жазғы мектеп ашуға онлайн оқыту әсер етті ме, әлде кейінгі 4-5 жылда республика бойынша демалыс ұзақтығы себеп пе? Бір білеріміз, жазғы мектепке баласын жіберу-жібермеу ата-ананың еркінде. Сабақ беретін пәндерді таңдауда да оқушы мен ата-ананың талап-тілегі ескеріледі.