Екпе ектірмей, індеттен құтылмаймыз
Мемлекетімізде бірінші ақпаннан бастап ел азаматтарына екпе егіле бастады. Аты жаман індетке қарсы екпе 21 күн аралықта екі кезең бойынша жүргізіледі. Яғни, бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін енгізуге байланысты қысқа қорғаныс әсерін берсе, екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді.
«COVID-19» індетінің екпінін қайтару мен ұжымдық тұрақты иммунитет қалыптастыру үшін екпе салдыру өте маңызды. Жамбыл ауданында екпе егу шараларына қараша халық белсенділік танытуда.
Бұл туралы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленов:
– Біз екпе салдыру арқылы жақындарымыздың өмірін қатерге тікпейміз. Ал, коронавирус инфекциясымен ауырған адамдар екпені 6 айдан кейін салдыруға болатынын ескерген жөн. Сондай-ақ, науқаспен байланыста болған азаматтар карантин мерзімі біткеннен кейін екпе салдырғаны абзал. Аудан тұрғындарына бүгінде 100 отандық «QazCovid-in» вакцинасы, 5450 ресейлік «Спутник-V» препараты, 1900 «Hayat-vax» екпесі салынды.
Оның ішінде ақ халатты абзал жандарға 967, мұғалімдерге 2281, мемлекеттік қызметкерге 324, құқық қорғау қызметкерлеріне 11, мәдениет саласының қызметкерлеріне 153, еріктілерге 3763, әскери қызметкерлерге 384 екпе егілген. Вакцина жүкті әйелдерге, ауыр дәрежелі аллергиясы бар адамдарға, вакцина құрамындағы заттарға сезімталдығы жоғары жандарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды. Жоғарыдағы вакцина түрлерінің салдыруда ешқандай кедергі жоқ. Ем қабылдауышы өз еркімен таңдайды.
Емханаға келген екпе алушыларды дәрігерлер қабылдап, олардың денсаулық жағдайын тексереді. Эпидемиологиялық аналезін жинақтап, вакцина қабылдауға ешқандай қарсы көрсетілімінің жоқтығына көз жеткізеді. Ең алдымен пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Одан әрі екпе алу бөлмесіне жіберіледі. Онда дәрігер вакцинадан кейінгі күтім мен сақтық шарасы туралы айтып, вакцина еккеннен соң жеңіл немесе орташа дәрежеде жағымсыз әсерлердің үш күн ішінде болуы қалыпты жағдай екенін түсіндіреді. Екпе алып болған соң 30 минуттай медициналық бақылау аймағында дәрігердің қадағалауында болады.
Бүгінде аудандық орталық емханада вакцина салу үшін 2 екпе егу бөлмесі мен 1 екпеден кейінгі бақылау бөлмесі арнайы жасақталған. Олардың барлығында профилактикалық екпе жұмыстарын жүргізудің стандарты бекітілген. Иммундау үшін медицина мамандары арнайы курстан өткен.
Осы күнге дейін 7450 азамат вакцинациялаудан өтіп отыр. Бастапқыда тек орталық емханада ғана екпе салдыруға мүмкіндік бартұғын. Дегенмен бүгінде 17 ауылдық округте орналасқан аммбалаториялық пунктерде вакцина арнайы сақтағыш контейнерімен жеткізілуде. Тұрғындар орталыққа сабылмай өз ауылдарында ем қабылдап жатыр.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, сақтық шараларын қатаң сақтап, баршаңызды ерікті түрде вакцина салдыруға шақырамын, – дейді бас дәрігердің орынбасары.
Расында солай. Індетті жеңу үшін иммундық жүйе қалыптасуы қажет. Ал ол үшін екпе салдыру қажеттігін айтпасақта түсінікті.
Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы