Жамбылда коронавирусқа шалдыққан 52 жүкті әйел сау баланы дүниеге әкелді
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының жұқпалы аурулар құрылымының жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда санитарлық авиация желісімен Мойынқұм ауданынан 28 жастағы жүкті әйел шұғыл түрде жеткізіледі.
Медицина қызметкерлері бір айдан аса реанимация бөлімінде науқастың өмірі үшін күресіп, ана мен баланы аман алып қалды.
– Өміріне қауіп төнген ана бүгінде кесарь тілігі арқылы аман-есен тұңғышын босанды. Нәрестенің салмағы – 3400 грамм. Шақалақтан сынама алынды, нәтижесі сәбидің коронавирус жұқтырмағанын көрсетті. Бірақ, босанғаннан кейін науқастың жағдайы нашарлап кетті. Сатурациясы төмен, температурасы жоғары, өздігінен демала алмайды, интоксикация синдромы өзгеріссіз. Бірнеше рет консилиумдар жүргізілді, нәтижесінде экстракорпоралды мембраналық оксигенация аппаратына қосылды, – дейді босану бөлімшесінің меңгерушісі Қымбат Абдраимова.
Ауыр жағдайына қарамастан әйел дені сау ұл баланы дүниеге әкелгені қуантады.
– Менің ауыр халіме қарамастан, ана болу бақытын сыйлаған осы аурухананың ұжымына алғысымды білдіремін. Алдарыңызда басымды иемін. Сіздер шынымен мықты екенсіздер, адал еңбектеріңізді көрдім. Көрсетілген көмектеріңіз бен кәсібиліктеріңіз үшін мың алғыс, – дейді ана.
Жалпы, жыл басынан бері ауруханаға COVID-19 жұқтырған 197 жүкті әйел және 37 босанған әйел келіп түскен. 72 жүкті және босанған әйел жансақтау бөлімінде емделіп шықса, ауруханада 52 әйел дені сау баланы дүниеге әкелген.