Ақкөлдіктер патриотизмнің үлгісін көрсетіп жүр

0 642

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Жомарт түлек» жобасы да жамбылдық түлектердің жарқын істерге ұйытқы болып, өңірлердің өркендеуіне ықпал етуіне себепкер болуда. Мәні терең, маңызы бөлек жоба аудандарда жалғасып, түлектерді туған жермен қауыштырды.
Кеше Ақкөл ауылында өткен он, жиырма жылдық түлектердің туған жерде кездесуі, «Тәуелсіздік», «Түлектер» аллеяларының ашылуы – жарқын жобаның жемісі екендігіне еш шүбә жоқ.
Ақкөлдегі келелі кездесуге Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек, «Nur Otan» аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Қартабаев қатысып, түлектердің демеушілігімен бой көтерген нысандарды аралап көрді. Алдымен аудан атқамінерлері мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған түлектер жөндеу жұмыстарын жүргізген, жалпы құны 4,5 миллион теңгені құраған «Түлектер» аллеясының ашылу салтанатына қатысты. Жөндеу жұмыстарынан кейін қайта жаңғырған саябаққа брусчатка төселіп, декоративтік ағаштар отырғызылған. «Street workout» алаңшасы да жаңадан салыныпты.
Ғалым Тамабекұлы түлектердің жұмысына ризашылығын жеткізіп, мұндай игі істер әр ауылда жалғасуы керектігін баса айтты.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлеуметтік-экономикалық қиындықтардан берекесі қашып, тозығы жеткен Ақкөл ауылының тіршілігіне бүгінде қан жүгіре бастады. Мемлекеттік қолдау артып, бір кездері кері кеткен көші түзелді. Ақкөлге әр келгенімізде жағымды жаңалықтардың куәсі болып жатамыз. Тақтайдай тегіс жолы, самаладай жарқыраған көшесі, жайлы демалыс орындары, жастарға жасалып жатқан жағдай… Бәрі-бәрі жанға ерекше әсер сыйлайды.
Ауыл көркейсе, халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарады. Сондықтан жақсылықтар жалғаса берсін. Елім дейтін ерлеріміз көп болсын, – деді Ғ.Қартабай.

Сол секілді Ақкөл орта мектебінің 2001 жылы бітірген, яғни 20 жылдық түлектері тозығы жеткен ескі саябаққа 7 миллион теңгеге жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, «Тәуелсіздік» атауын берген. Саябақтың ортасынан металдан тақтайша орнатып, травертин тастарымен қаптаған. Тақтайшадағы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 30 жыл» деген көркем жазу да саябақтың сәнін келтіріп тұр. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған логотип орнатылып, қанатты сөздер де жазылған.
«Тәуелсіздік» саябағының ашылуында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы түлектердің еңбегін жоғары бағалап, Ақкөл ауылын әлі алда үлкен өзгерістер күтіп тұрғанына сенім білдірді.
– Ұлттық патриотизм – кіндік қаның тамған жерден, туған өлкеге сүйіспеншіліктен басталады. Қалалық болып жүргендердің қай-қайсысы да осы шағын мекендердің топырағы сыйлаған сарқылмас қуаттың күшімен азаматтық болмысын қалыптастырып, өмірлік мақсатын орындап келеді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп тереңнен қозғағаны да сондықтан. Ал ауыл түлесе – қазақ түлейді. Өйткені ауыл мен қазақ ажырамас ұғымдар.
Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан ұлттық патриотизмнің айрықша үлгісін Ақкөл ауылының түлектері әр жылдары көрсетіп келеді. Түлектердің ұйымдасуымен атқарылған жұмыстарды дәл қазір бірнеше минутта түгендеп шығу мүмкін емес. Ең бастысы, алдыңғы буын ағалар өздерінен кейін жастарға сөзімен емес, нақты ісімен тәрбие беріп келеді. Ағалардың ақылын тыңдап, тәрбиесін көріп өскен жас кейін қалтасында артық бір шегесі болса да ауылының ауласына әкеліп қағуға тырысады, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы ауылдағы өрт сөндіру бекеті, мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет ететінін, алдағы уақытта мәселе оң шешімін табатынын жеткізді.
Салтанатты шара ауыл өнер­паз­дарының концерттік бағдар­ламасына ұласты.
… Рас, жыл сайын облысымыздың кез келген елді мекенінде тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуі үшін ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай жұмыстар істелуде. Облыстық, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, бір ауылда спорт кешені, бірінде мәдениет үйі бой көтерсе, енді бірінде сәні келіскен саябақтар салынуда. Ал осы тәрізді ауылдың ажарын ашып, көркін кіргізуді көздеген жұмыстардың көбі Ақкөл ауылында түлектердің күшімен атқарылуда. Ал мемлекет қаржысы елдің басқа игілігіне бағытталуда.
Сөзіміз дәйекті болуы үшін нақты бірнеше мысал келтірейік. 2018 жылы Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылында соңғы қоңырау салтанатына орай түлектердің демеушілігімен салынған үш бірдей нысан ел игілігіне берілді. Алғашқысы – ауыл орталығынан бой көтерген, биіктігі 7,5 метрді құрайтын «Бақ құсы» композициялық монументі. Монументтің композициясында жер шары, оның үстінде қалықтаған қыран құс және еліміздің символы – қанатты барыс бейнеленген. Құрылыс жұмыстарына 8,5 миллион теңге жұмсалған. Ал нысанды салуға Ақкөлде туып-өсіп, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп жүрген «Пырақ-құрылыс» компаниясының директоры Талғат Жолтаев, «Талас-құрылыс» компаниясының директоры Әсет Ахатаев, «Даму стройсервис» компаниясының басшылары Нұрлан Бердиев пен Шәріп Әбдірәсіловтер қаржылай қолдау білдірген.
«Даму стройсервис» компаниясының директоры Нұрлан Бердиевке хабарласқанымызда, туған жердің көркейіп, дамуына үлес қосу әрбір азаматтың парызы екенін тілге тиек етті.
– Ауылдың ажары – азаматынан. Егер әрбір қазақ кіндік қаны тамған ауылына қол ұшын созып, қарайласуды басты парызы санаса, талай елді мекеннің еңсесі тіктеліп қалған болар еді. Өкінішке қарай, ауылдан алыстап кеткен, ат ізін салмайтындар қаншама?! Көңілге қуаныш сыйлайтыны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы талайды туған жеріне қайта жақындата түсті. Бағдарлама ел игілігіне бағытталған құтты қадам болғаны сөзсіз.
Ал осыдан үш жыл бұрын Ақкөл ауылынан шыққан кәсіпкер азаматтар бірлесіп, туған жерімізде «Бақ құсы» монументін салып бердік. Мұндағы мақсат – өткенге тағзым етіп, ертеңге елеулі із қалдыру. Бізден кейін де ауыл түлектері көптеген ілкімді істердің басы-қасынан табыла білді. Яғни көздеген мақсатымызға жеттік. Сенің ісіңнен басқалар тағылым алып, әрмен қарай жалғасып жатса, қандай керемет, – дейді «Даму стройсервис» компаниясының директоры Нұрлан Бердиев.
2018 жылы ашылған тағы бір нысан – Ақкөл және Ы.Алтынсарин атындағы мектептерді 20 жыл бұрын бітірген түлектердің демеушілігімен бой көтерген «Ақкөл спорт кешені». Нысанның құрылысына 15 миллион теңге қаражат жұмсалған. Спорт кешені барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Жалпы сыйымдылығы 30 балаға шақталған спорт мектебінде қазіргі таңда ауыл жастары бірнеше спорт түрімен шұғылданып, аудандық, облыстық деңгейдегі турнирлерде топ жарып жүр.
Сол жылы білім ордасын 30 жыл бұрын тәмамдаған түлектер де 5 миллион теңгеге жаздық мәдени-спорттық ашық алаң салып, игілікті іске мұрындық болғаны да есте.
– 2008 жылы 20 жылдық түлектер жиналып, ауыл мешітіне бір «Газель» автокөлігін алып берген болатынбыз. Осылайша өсіп-өнген, қияға қанат қақтырған ауылымыздың қарлығаштың қанатымен су сепкендей әжетіне жарасақ деген оймен жақсылық жасауды алғаш рет біздің сыныптастар бастап, содан бері іні-қарындастарымыз үзбей жалғастырып келеді. Ал мектеп бітіргенімізге отыз жыл толғанда мәдени-спорт алаңын салып бердік. Бұның барлығы өзіміздің туған өлкемізге, тәлім-тәрбие берген ұстаздарымызға деген алғысымыз, – дейді Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің түлегі Айдар Болтаев.
Кезінде Талас ауданының орталығы болған үркердей ғана шағын ауылдың түлектері жасаған жақсылықтың алғашқысы да, соңғысы да бұл емес.
Өткен жылы Ы.Алтынсарин мектебінің 30 жылдық түлектері 5 миллион теңгеге қыр басындағы атшабар алаңын қайта жаңғыртты. Жаңғырту жұмыстары барысында атшабар аумағы тегістеліп, арнайы сахна жасалған. Іргетасы бетоннан құйылып, қабырғалары пескоблокпен көтеріліп, шатыры профнастилмен жабылған. Командалық көкпар шабатын орын да дайындалып, екі қазандық қойылған, – Ақкөл ауылының мектеп бітіргендеріне он, жиырма, отыз жыл толған түлектері жыл сайын соңғы қоңырау салтанаты қарсаңында туған жерге табан тіреп, мерекені абыройлы атап өтуді дәстүрге айналдырған. Бұл той тойлау емес, туып-өскен ауылының көркеюіне өз үлесін қосу.
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті және Ақкөл орта мектебін бітірушілер жиырма жылдығымызда ауылға кіреберісте «Бәйтерек» монументінің көшірме үлгісін орнатсақ, 2020 жылы отыз жылдықта атшабарға жаңғырту жұмыстарын жүргіздік.
Біздің алдымыздағы ағаларымыз да, кейінгі інілеріміз де ауылымызға бүгінге дейін көптеген игіліктерді тарту етті. Енді сол сыйларымыз ауылдастарымыздың бір қажетіне жарап, бүтін дүниелер бүлінбей тұрса екен дейміз, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мұнай-газ және механика» факультетінің деканы Кенжеғали Шилібеков.
Ал Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жандос Ратов түлектердің «елге болсын» деген адал ниетінен туындаған, атқарылған жүйелі жұмыстар аясында ауылдың көптеген кем-кетігі түзеліп, жоқ-жітігі түгенделгенін айтады.
– Бақ қонып, құт дарыған Ақкөл ауылы бір кездері тоқырауды бастан өткерді. Жұмыссыздық жайлап, ауыл халқы қала жағалады. Халыққа түрлі қызмет ұсынып келген нысандар үйіндіге айналды. Кейін мемлекеттік бағдарламалар, жарқын жобалардың арқасында ғана ауылдың келбеті өзгеріп, халықтың тұрмысы да жақсара бастады. Әсіресе ауылда бақ-береке орнап, ырысы мен ынтымағы жарасып, ризығы тасуына туған жерге кіндігімен байланған түлектер өлшеусіз еңбек сіңірді. Тұрғындарды толғандырып жүрген, жастардың сұранысына басымдық беріліп, сан мәселе шешімін табуда.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай түлектерді тарта отырып, туған жерді түлету бағытындағы жемісті жұмыстарымызды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз, – дейді Жандос Аманғалиұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.