Ирандықтар аймақта бірнеше жобаны іске асырмақ

0 190

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Иран Ислам Республикасының Бас консулы Мохсен Фағаниді қабылдады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев және өңірдің кәсіпкерлік саласына жауапты мамандар қатысты. Басқосуды ашып, сөз сөйлеген аймақ басшысы Иран Ислам Республикасы мен Жамбыл облысы арасындағы сауда айналымына тоқталды.

Бердібек Машбекұлы өткен жылы өңір мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сауда айналымы 519,22 мың АҚШ долларын құрағанын атап өтті. Айтуынша, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 77,6 пайызға төмендеген.
Кездесу барысында Бас консул аймақ басшылығының жылы қабылдауына ризашылық білдіріп, қос тараптың ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарына тоқталды. Оның айтуынша, биылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында облысқа Иран мемлекетінен 596,9 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражатқа 1 077,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тауар көлемінің 48 пайызға артқандығын көрсетеді. Оның ішінде 18 тонна қызанақ, 20 тонна көксөк, 89 тонна қияр, 128 тонна басқа да көкөністер, 821,3 тонна алма бар екен.
«Былтыр Ираннан Жамбылға ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты 280,5 мың долларды құраған болатын. Облыс нарығының ирандық өнімдерге деген сұранысы осы жылдың тек үш айында 2 есе артқан. Біз осы бағыттағы шаруаларды ұлғайта түсуге мүдделіміз. Маңызды әрі тиімді ұсыныстарды қабылдауға да әзірміз. Оның үстіне қазіргі таңда өңір экономикасын дамытуға үлес қосатын бірнеше жобаға инвестиция салу бойынша келіссөздер жүргізілуде», – деп атап өтті Мохсен Фағани.
Шара соңында қос тарап бірлесе жұмыс істеуге уағдаласып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы мәселеге жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

Айжан ӨЗБЕКОВ

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.